9 жасар қыздың тілегі орындалды

Dalanews 22 дек. 2016 11:33 974

9 жасар қыз Мейіргүлдің "Нұр Отан" партиясы арқылы берген өтініші орындалды.

Мейіргүлдің әкесі Самет Ұларбек пен шешесі Тұрсын Оралхан 2016 жылғы 8 тамызда Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 4-бөліміне сәйкес (белгіленген мерзімде елден шығудан жалтару) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен әкесі бір тәулікке қамауға алынған, шешесі айыппұл төлеген. 2016 жылғы 14 тамызда олар Қазақстаннан «Қорғас» бақылау-өткізу пункті арқылы шығып кеткен. Олардың Қазақстанға 5 жыл бойы кіруіне рұхсат жоқ екен. Қарғадай қыз Мейіргүл таныстарының қолында Алматыда жалғыз қалған.
2016 жылғы 7 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ішкі істер министрі Қ.Қасымовпен өткен қабылдауда Мейіргүл Ұларбекқызы Алматыдан келіп, министрдің қабылдауында болды. Өтінішін айтып, ата-анасының тезірек Қазақстанға оралуына рақымшылық жасауын сұраған болатын.
Ішкі істер министрі Мейіргүлдің өтініші бойынша, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Консулдық департаментіне хат жазып, Үрімжідегі консулдықтан Самет Ұларбек пен шешесі Тұрсын Оралханға елімізге кіру визасын беруді сұрапты.
Міне, бүгін – 22 желтоқсанда «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесіне Үрімжідегі Мейіргүлдің анасынан телефон арқылы қуанышты хабар келді. Олар Еліміз консулдығынан Қазақстанға келу визасын алыпты. Енді санаулы күндерден соң, Алматыда қалған қызымен аман-есен қауышады.



[caption id="attachment_22339" align="alignright" width="231"] Мейіргүлдің анасы виза алып, елге оралатын болды[/caption]

"Нұр Отан" партиясына алғысын жаудырып жатыр қандасымыз!

Бірақ, мәселе жалғыз Мейіргүлдің ата-анасының оралуымен біткен жоқ. Үйірінен бөлініп қалған жандар әлі де көп.
Мысалы, осы жазамен 2015 жылы 307 этникалық қазақ елден тыс жерге шығарылыпты. 2016 жылдың алғашқы тоғыз айында 199 қандасымыз жазаға тартылып, өз еліне қайтарылыпты.
Ал, 2014 жылы қанша этникалық қазақтың дәл осы құқық бұзушылықтың құрбаны болғаны туралы мәлімет жоқ. 2014 жылғы көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін!

Бұл туралы сәл кейінірек кеңірек тоқталамыз.

Ауыт МҰҚИБЕК




Рекомендовать
Последние новости