Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа еліміздегі авторлық құқықтардың бұзылуы мен фонограмма жасаушыларға төленетін сыйақыға қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанда ресми тіркелген 15-16 авторлық қоғам бар. Алайда олардың көпшілігі авторлардың құқығын өрескел бұзып отыр. Депутат 2023 жылғы мәліметтерді келтіре отырып, ұжымдық авторлық басқару ұйымдарына 1 миллиард 550 миллион теңге түскенін, алайда соның тек 439 миллионы ғана авторларға жеткізілгенін атап өтті.
“Бұл — сұмдық жағдай. Авторлық қоғамдарға түскен қаражаттың 70 пайызы солардың өздерінде қалып, небәрі 30 пайызы ғана автордың қолына тиеді. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың 55 әні орындалғаны үшін оның мұрагеріне үш айда 22 мың теңге ғана төленген. Қазір бұл сома тіпті 18 мың теңгеге дейін азайды. Осы әділетсіздікті қашан реттейсіздер? Нақты күнін айтыңыз, өйткені авторлар күтіп отыр”, — деді Сәрсенғалиев.
Сондай-ақ депутат фонограмма жасаушылар мен орындаушыларға эфирге шыққан немесе қайта таратылған туындылары үшін қосымша сыйақы төлеу қажеттілігіне қатысты заңның 39-бабын сынға алды. Оның пікірінше, бұл жасанды музыканың таралуын ынталандырып отыр.
“Біз, депутаттар, фонограммаға қарсы күресіп жатырмыз. Ал сіздердің тараптарыңыздан керісінше, эфирге фонограмма қойғандар мен оны қайта таратқандарға жаңа талап қойылып, орындаушылар мен фонограмма жасаушыларға тағы сыйақы төлеу міндеттелген. Бұл — олардың жасанды музыка жасауына жол ашу емес пе?”, — деді ол.
Министр Ерлан Сәрсембаев өз жауабында бұл мәселенің күрделілігін мойындап, оны шешу үшін екі бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
“Біріншіден, заңнамалық өзгерістер қажет. Бұл туралы мен жауабымда айтып өттім. Екіншіден, ұйымдастырушылық тұрғыдан тиісті платформа әзірлеп жатырмыз. Бұл жұмысты күзге дейін аяқтаймыз. Ал заң жобасының нақты қабылдану мерзімі туралы айту қиын, себебі ол екі палатаның құзырында. Бірақ біз заң жобасы қабылданғанға дейін ұйымдастырушылық мәселелерді реттеп үлгереміз деп ойлаймын”, — деді министр.