“50 адам шағым түсірді”. Балғынбек Имашевтың ұлы алаяқтық бойынша тергеліп жатыр

Қаракөз Амантай 09 апр. 2025 17:53 758

Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы Данияр Имашев алаяқтық бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеуге не түрткі болды?

Қажылыққа ұша алмаған бір топ турист “Qazaq travel” компаниясына шағымданған. Ал Данияр Имашев аталған компанияның атқарушы директоры болып қызмет атқарады.

Bairaqmedia-ның дерегінше, бүгінде қасиетті мекенге ұшуы тиіс болған туристер Әуезов аудандық полиция басқармасының алдына жиналып, жағдайды түсіндіріп беруді талап етіп жатыр. Себебі “Qazaq travel” компаниясы ұшуға бір күн қалғанда олардың ешқайда ұшпайтынын хабарлаған.

“Тоғызы күні ұшатын рейсімізден ешқандай адам ұшпады. Тіпті компания халыққа шығып, үндеу де жасамады. Билеттің бағасы өсіп кетті-ау, басқа да жағдай болып қалды-ау деген ескерту болмады. Бізге ешқандай дәлел көрсетіп тұрған жоқ. Билет пен қонақүй ақысы төленді деген ақпарат та болмады" ,  - деп мәлімдеді компанияның клиенті Медина Жарылғапова Bairaqmedia-ға.

Қазіргі уақытта “Qazaq travel” компаниясының кеңсесі жабылған. Мәдина мен Меккеге ұша алмаған 50-ге тарта адам полицияға шағым түсірген. Осыдан кейін полицейлер алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, күдікті ретінде үш адамды таныған. Олардың арасында Данияр Имашев та бар. Ал журналистер оның қажылықтан қалу себебін сұрағанымен, Данияр Имашев бүгін үн қатпады.

Ал, туындаған қиындықтардың себебін  қажыққа аттанбақ болған қазақстандықтарға Балғынбек Имашев түсіндіріп берген. Айтыскер ақын әуе билеттері мен қонақүй бағаларының қымбаттағанын және мұнда алаяқтықтың жоқтығын мәлімдеген.

“Көп адам турды акциямен, арзан бағада сатып алған. Қазір баға қымбаттап жатыр. Қымбат билеттер алынуда. Ұшақтың бағасы мен қонақүйдің бағасы өсті. Сондықтан құрылтайшылар өз қалтасынан қосымша ақша салып, сіздердің қызметтеріңізді ұсынуға тырысып жатыр”, - деп түсіндірді Балғынбек Имашев.

Алайда Умраға ұша алмағандар оның айтқандарына сенбей, төленген қаражатты қайтаруды талап етуде. Олар “Qazaq travel” компаниясының басқа мұсылмандарды алдамауын тілейді.

Полиция не дейді?

Аталған жағдайға байланысты Алматы полиция басқарамасы ресми пікір білдірді.

“Алаяқтық дерегі бойынша қазіргі уақытта Әуезов аудандық полиция басқармасына қарасты бөлімде қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізілуде. Бүгінгі таңда 50-ге жуық азаматтан арыз түсті. Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Істің объективті мән-жайлары анықталғаннан кейін тиісті процестік шешім қабылданатын болады”, — деді полиция.


Рекомендовать
Последние новости