"5 күн ішінде аударады". Зейнетақы жинағын шешіп алуға соңғы өзгерістер енді

Dalanews 30 дек. 2020 09:48 1046

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға сәйкес азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсарту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін емдеу және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін пайдалану құқығын алады, деп хабарлайды Dalanews.kz БЖЗҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалану құқығын:

- міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар пайдалана алады. Нысаналы пайдалану құқығы белгілі бір жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар азаматтар үшін көзделетін болады. Жеткіліктілік шегі әр жас үшін жеке анықталады.

- қалыптасқан зейнеткерлер (әлеуетті құрылымдар қатарындағы зейнеткерлерді қоса алғанда) – БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының қалған сомасының 50%-ынан аспайтын шекте қолдана алады. Олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасы немесе еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалтқан табысын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда аталмыш құқықты пайдалануға болады.

- өмір бойғы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан тұлғалар жоғарыда аталған құқыққа ие.

БЖЗҚ деректеріне сай 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 761 мыңнан астам жұмыс істейтін салымшы жалпы көлемі 2,4 трлн теңгеден астам қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады. Жинақтардың жеткіліктілік сомасынан асатын орташа сомасы шамамен 3,2 млн теңгені құрайды.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинақтарын тексеріп, жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс.

БЖЗҚ-да үзінді-көшірмені Қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы алудың қолжетімді және жедел тәсілдері қамтамасыз етілген. Үзінді көшірмені БЖЗҚ кеңселеріне келмей-ақ, 24/7 режимінде қашықтықтан алуға болады.


Зейнетақы жинақтарын алу туралы шешім қабылдаған адамдар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері бойынша уәкілетті операторға жүгіне алады, оны Үкімет айқындайды. Мұндай оператор ретінде "Отбасы банк" қызмет атқаратын болады" деген болжамдар жасалуда.

Салымшының құжаттарын тексергеннен кейін уәкілетті оператор БЖЗҚ-ға салымшының өзі айқындаған және оның өтінімінде көрсетілген мөлшердегі зейнетақы жинақтарын аудару туралы хабарлама жібереді.

Салымшы зейнетақы жинақтарын мақсатты қажеттіліктерге алған кезде жеке табыс салығын төлеу тәсілін таңдау құқығына ие болады (жарналар аударылған кезде ЖТС алынбағанын ескертеміз). Яғни азаматтар ЖТС төлеуді кейінге қалдыруды таңдаса болады не тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеуге арналған жинақтарын алған кезінде ЖТС-ты толық көлемде өтей алады.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын уәкілетті операторға аударуды оның өтінімі бойынша электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асыратын болады. Уәкілетті оператор аударылған зейнетақы жинақтарын азаматтардың арнайы шоттарына есептейді.


Мақсатты пайдалану үшін жинақтардың мөлшерін азаматтар алуға қолжетімді сома шегінде дербес анықтайды.

Зейнетақы жинақтары арнайы шоттарда 45 жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жата алады. Осы мерзім ішінде жинақтар нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуға не салымшының БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына қайтарылуға тиіс

Сондай-ақ, азаматтар түрлі инвестициялық стратегиялар ұсынатын инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) арасында өз қалауымен таңдау жасау арқылы жинақтарын басқаруға қатыса алады. Зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға нысан бойынша және талап етілетін құжаттарды қоса тіркей отырып, өтініш бере алады.

БЖЗҚ-ға өтінішті жеке өзі немесе enpf.kz интернет-ресурс арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып беруге болады.


БЖЗҚ қаржы нарығының реттелетін қатысушысы ретінде компаниялармен сенімгерлік басқару шарттарын, кастодиан-банктермен кастодиандық шарттар, сондай-ақ тұрғын үй және емделу жөніндегі уәкілетті оператормен келісім жасайтын болады. Осылайша, зейнетақы жинақтарының бірыңғай есебі мен бақылауы одан әрі жүргізіле береді.

Рекомендовать
Последние новости