"3 шақырым жолдан миллиардтап ақша тапқан". Назарбаеваның тағы бір былығы әшкере болды

Dalanews 15 февр. 2023 02:45 1245

Назарбаев отбасы 30 жылда Қазақстанды сауын сиырға айналдырғанын бәріміз білеміз. Ойға шығып, қырға барсаңызда алдыңызда отбасына тиесілі дүние-мүлік пен бизнес шығушы еді. Бүгінде солар біртіндеп мемлекет иелігіне қайтып жатыр. Күні кеше ғана ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Дариға Назарбаеваның Қазақстан мен Қытай арасындағы бизнес схемасына қатысты тергеу-тексеру жұмыстарының жүріп жатқанын жария етті.  

Агенттік қазір Қытай мен Қазақстан шекарасындағы «Нұрлы жол» қақапасы маңындағы ұзындығы 3 шақырым болатын азғантай жолды Дариға Назарбаеваның бақылауындағы «Eurotransit Nur Zholy» деп аталатын компания қалай пайданы көзіне айналдырғанын тексеруде.

Жетісу облысы, Панфилов ауданы аумағындағы Қазақстан мен Қытай шекарасы маңындағы бейтарап аумақта орналасқан «Нұрлы жол» өткізу пункті бар.

Қазақстан шекарасынан өткеннен кейін саудагерлер Қазақстан мен Қытайдың бейтарап аумағында орналасқан сауда орталығына барып, өздеріне керекті дүниелерін сатып алда.

Бұдан кейін жүк пен жолаушыларды жоғарыда айтқан «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС-ның көліктері шекара маңына дейін жеткізеді. Шекараға дейінгі жолдың ұзақтығы бар болғаны 3 шақырымды құрайды.


Жұрттың бәрі осы үш шақырым жолмен жүріп өту үшін Назарбаеваға тиесілі «Eurotransit Nur Zholy» компаниясының көлік логистикалық қызметіне жүгініп, қомақты ақша төлеуге мәжбүр болған еді.

Жүк және жолаушы тасымалдау ісімен айналысатын өзге компаниялар бұл жерге ешқашан тұмсығын тыққан емес. Осылайша «Eurotransit Nur Zholy» компаниясы Қорғастағы басты монополистке айналды.

«Нұрлы жол» өткізу пункті Орталық Азиядағы ең үлкен өткізу пункті. Ол сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасының бір бөлігі болғанын да айта кетуіміз керек.

3 шақырымға созылатын өткізу пунктте тек қана «Eurotransit Nur Zholy» компаниясының ғана автокөліктері қызмет көрсетіп келген.

Назарбаеваға тиесілі «Нұрлы жол» өткізу пунктін салу үшін Еуразия банкі жекеменшік әріптестік негізде 100 млн доллар қаржы бөлінгенін кезінде ақпарат құралдары жарыса жазған болатын.

Қаржылық мониторинг агенттігі «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС тергеп-тексеру кезінде олар Қытайдың бейтарап аумағынан Қазақстанға жүк тасымалдайтын жалғыз оператор бола тұра, аталған қызметінің құнын заңсыз өсіргендерін қолмен қойғандай дәлелдеп берді.


Осылайша «Eurotransit Nur Zholy» компаниясының монополистік қызметтен түскен табыс 4,2 млрд теңгені құраған.

Тергеп-тексеру барысында өз кінәсін мойындаған компания басшылығы мемлекетке құны 5,3 млрд теңгеден асатын компания активтерін (аумағында көлік-логистикалық ұйым орналасқан 3,6 гектар жер телімі бар) аудару туралы өтінішхат беріпті.

Бірақ Қаржылық мониторинг агенттігі заң аясында жұмыс істемеген компанияның былықтарын тексеруде жалғастыруын тоқтатпауда.

Shishkin_like Телегармм каналы жазуынша, Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу пункті Ерлан Диханбаев пен «Eurotransit Terminal» ЖШС-на тиесілі екен. Ал «Eurotransit Terminal» ЖШС  «Eurasia Transit Holding LTD» серіктестігінің еншілес компаниясы болған.

Осы ретте «Eurasia Transit Holding LTD» құрылтайшылары қарасаңыз төмендегі адамдарға тап боласыз.

Данияр Қайрат көреміз, ол QazaqGaz компаниясының экс-басшысы, Дариға Назарбаеваның жұбайы Қайрат Шәріпбаевтың ұлы екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін.

Бұдан басқа Eurasia Transit Holding LTD құрылтайшыларының қатарында Дариға Назарбаеваның қызы Венера Шайжүнісованың да есім-сойын аталады. Осыдан-ақ, «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевтың бақылауында болғанын топшылауға болады.

Айтпақшы, «Eurotransit Nur Zholy» ЖШС 2018 жылдан бері мемлекет қазынасына 485 млн теңге салық төлепті. Ең қызығы салықтың қомақты бөлігі 318 млн теңгені Қаңтар оқиғасынан кейін төлей бастаған. Егер елімізде өзгеріс болмағанда олар мұншалықты қомақты салық төлер ма еді?


Компанияның 2022 жылғы таза табысы 1,4 млрд теңгені құрағанын да айта кетуіміз керек.

Рекомендовать
Последние новости