2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еңбекақы төлеу қорына түсетін салық жүктемелерін арттыратын салалық заңнамадағы өзгерістер күшіне енді. Сарапшылар бұл шаралар компаниялардың қаржылық тұрақтылығы мен жоспарына айтарлықтай теріс әсер ете бастағанын айтады, деп жазады Dalanews.kz.
Ал бір жылдан кейін, яғни 2026 жылы басқа тәсілдер мен ставкаларды қамтитын жаңартылған Салық кодексі енгізілмекші.
"Бұл, әсіресе бухгалтерлер, кәсіпкерлер және қаржы мамандары үшін проблемалы болып, бірқатар тәуекелдерді қамтиды: есеп айырысуда қателіктерге жол беру ықтималдылығы, айыппұлдар және компанияның қаржылық тұрақтылығын жоғалту. Мұның бәрі жаңа жағдайларға бейімделуді қажет етеді" деп жазады Учет.
2025 жылдан бастап қолданысқа енгізілген негізгі өзгерістер:
- әлеуметтік төлемдер - 3,5%-дан 5%-ға дейін артты. Енді кәсіпкер әр жұмысшы үшін 4 250 теңгеден 29 750 теңгеге дейін төлеуі керек;
- әлеуметтік салық мөлшерлемесі 9,5%-дан 11%-ға дейін ұлғайды;
- зейнетақы жарнасы 1,5%-дан 2,5%-ға дейін өсті. Енді әр қызметкер үшін жұмыс беруші минималды 2 125 теңгеден максималды 106 250 теңгеге дейін төлеуі керек болады;
- жалақыдан төленетін бірыңғай төлем мөлшерлемесі 21,5%-дан 23,8%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ МЖӘ шарттары бойынша 5% көлемінде әлеуметтік аударымдарды енгізу бизнес шығыстарын одан әрмен арттыра түсті. Әсіресе, жеке тұлғаларды жұмысқа және қызмет көрсету тұрғысында жалдағанда осындай келісімшарттарды пайдаланатын жеке кәсіпкерлік үшін.
Айта кетсек, бұл төлемдердің барлығын жалпы Еңбекақы төлеу қорына түсетін алым-салық (ЕТҚ) деп атайды. Қазақстанда ЕТҚ көлемі шамамен 40% құрайды, сарапшылар бұл бизнеске әжептеуір қаржылай қысым түсіреді деп санайды.