2025 жылдың барысында базалық мөлшерлеме көлемі өсуі де мүмкін - Тимур Сүлейменов

Кәмшат Тілеухан 05 июн. 2025 15:02

ҚР Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов бүгін арнайы өткен брифинг барысында базалық мөлшерлеме көлемін өсірулері мүмкін екенін айтты. Оны 16,5% деңгейінде ұстап тұру өте қиын көрінеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгін Ұлттық Банктің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады.

"Біздің болжамдарымызға келетін болсақ, базалық мөлшерлеме кем дегенде 2025 жыл бойында осы деңгейде сақталуы тиіс. Бұл болжамдар модельдік тәжірибеге сүйеніп жасалғаны, көптеген нәрсе, соның ішінде еліміздің экономикасындағы, сол секілді сыртқы макроэкономикалық жағдай да алда өзгеретіні анық. Бірақ әзірге, бүгінге дейінгі болжамдарға сай базалық мөлшерлеме 2025 жыл барысында осындай деңгейде болады немесе қатаңдату тұрғысында қайта қарастырылуы да мүмкін деп болжануда", деді Тимур Сүлейменов.

Айта кетсек, Ұлттық Банк 2025-2026 жылдарға арналған инфляция бойынша болжамды нашарлату тұрғысында қайта қараған болатын. Оған сәйкес, 2025 жылы инфляция 10,5–12,5%, 2026 жылы 9,5–11,5% деңгейінде болады деп күтіледі. 5,5–7,5%- ға дейін төмендеу тек 2027 жылға қарай орын алуы мүмкін екені айтылады, онда да ақша-несие саясатын тежеу және бюджеттік қолдаудың қысқаруы жағдайында. Болжамды қайта қарауға азық-түліктің әлемдік нарықтағы бағаларының өсуі, ішкі сұраныстың күшеюі, мұнай бағасының төмендеуі және сыртқы инфляцияның өсімі түрткі болғаны айтылады. Қауіп-қатер тәуекелдері қатарына ЖЖМ бағасындағы белсенділік, реттелетін тарифтердің өсімі және салық саясатындағы өзгерістер жатқызылады.


Рекомендовать
Последние новости