ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Шешім қабылдауда нақты деректер, жаңартылған болжамдарды талдау мен инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау көрсеткіштері ескерілгені нақтыланады. Дегенмен сарапшылар күткен макроэкономикалық көрсеткіштердің кейбіріне қатысты болжамды Ұлттық Банк нашарлату тұрғысында қайта қарап шыққандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Соңғы айларда бағаның өсуінне түрткі болған негізгі қозғаушы фактор – реттелетін тарифтер мен нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауына байланысты сервистік инфляция болып отыр. Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары бойынша да жеделдегені байқалды. Мамырда айлық инфляция тарихи динамикадан айтарлықтай асып, 0,9% болды. Базалық және маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция көрсеткіштері бір жылға есептегенде тиісінше 10,1%-ды және 11,4%-ды құрады. Осының барлығы тұтынушылық сұраныстың қайта артуынан, өндіріс шығындарының өсуінен, сондай-ақ фискалдық ынталандырудың жалғасуынан бағаға қысым сақталып отырғанын көрсетеді", делінген Ұлттық Банк түсініктемесінде.
Инфляция екі жыл қатарынан үдей түсетіні болжанады
Мамырда халықтың инфляциялық күтулері сәуірдегі 12,2%-ға қарағанда 14,1%-ға дейін өсті. Бұл келешек инфляцияға қатысты құбылмалылық пен белгісіздік сақталып қалғанын көрсетеді. Сыртқы сектор тарапынан да бағаға қысым күшейе түсті. Бұл Ресейдегі жоғары инфляцияның сақталуына, жоғары сұраныс пен валюталық ауытқулар аясында әлемдік азық-түлік бағасының өсе түсуіне, сондай-ақ сауда қақтығыстарының күшеюінен және шикізат тауарлары бағасының құбылмалылығынан туындаған жоғары белгісіздікке байланысты. Жаһандық баға орнықты түрде өсу үрдісінде қалды.
"Сауда-саттықтағы шиеленіс инфляциялық тәуекелдерді күшейтіп, өнеркәсіп пен қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділікті тежей түсті. Осы жағдайларда нарық тарапынан саясатты одан әрі жұмсартуға қатысты күтулер болғанымен, орталық банктердің риторикасы әлі де ұстамды қалпын сақтап отыр", - дейді Ұлттық Банк.
Сондай-ақ Ұлттық Банк болжамдарының базалық сценарий аясында Brent маркалы мұнайдың бағасы болжамды кезеңнің соңына дейін орта есеппен барреліне 60 АҚШ долларына дейін төмендеу жағына қайта қаралған.
Сценарий шарттары бағаның нақты динамикасын және мұнай нарығындағы ұсыныстың сұраныстан асып кету ықтималын ескере отырып түзетілді. 2025 және 2026 жылдарға арналған инфляцияға қатысты болжам қайта қаралды. Оған сәйкес:
- 2025 жылы инфляция – 10,5-12,5%,
- 2026 жылы – 9,5-11,5% шегінде болады деп күтіледі.
- 2027 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 5,5-7,5%-ға дейін төмендейді.
"Бұл тежеуші сипаттағы ақша-кредит саясаты мен алдағы салық-бюджет консолидациясы аясында бюджеттік қолдау шараларының біртіндеп қысқаруы нәтижесі болмақ.2025-2026 жылдар аралығында инфляция болжамын көтеру жағына қайта қарау азық-түлік бағасының өсуіне, сұраныс салдарынан жоғары инфляциялық қысымның орын алуына және мұнай бағасының төмендеуіне негізделеді. Ішкі сұраныстың күшеюі, сыртқы инфляцияның жеделдеуі және инфляциялық күтулердің тұрақсыздығы болжамның негізгі тәуекелдері болып қалуда.Ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен фискалдық қатаңдатудың жоспарлы шаралары инфляцияны тежеуге ықпал етеді. Бұл ретте ЖЖМ бағасының нақты өсу қарқынына, фискалдық тәртіптің күшеюіне (Ұлттық қордан қаражат алуды төмендету жөніндегі жоспарларды іске асыруды қоса алғанда), сондай-ақ реттелетін бағалар мен ҚҚС мөлшерлемелерінің көтерілуінен болатын жанама әсерге байланысты белгісіздік сақталып отыр", - дейді Ұлттық Банк бұл ретте.
Қазақстанның 2025 жылғы ЖІӨ деңгейі 5-6%-ды құрауы мүмкін
"2025 жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамы ішкі сұраныстың күшеюіне және инвестициялық белсенділіктің өсуіне байланысты 5-6%-ға дейін көтерілді. 2026 жылға арналған болжам 4-5% деңгейінде жаңартылды. Бұл ретте 2025 жылғы біршама өсуді және мұнай бағасының алдыңғы болжаммен салыстырғанда төмендеу сценариі аясында экспорт өсімінің баяулауын ескеріледі. 2026 жылы экономикалық өсім ішкі сұраныс пен мұнай өндіру көлемінің артуы есебінен сақталады. Кейін өсім Үкімет жоспарлаған құрылымдық реформалардың сәтті жүзеге асуына байланысты болады. Олардың қатарында негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемін ұлғайту, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту және экономиканы либерализациялау шаралары бар", делінген құжатта.
Базалық мөлшерлеменің қазіргі көлемі 2025 жылдың соңына дейін сақталуы мүмкін
Қалыптасқан жоғары инфляция бұрын болжанған уақыттан да ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді. Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ауысқан. Бұл базалық мөлшерлемені 2025 жылдың соңына дейін қазіргі деңгейде сақталу ықтималдығын арттырады.
"Қалыптасқан жағдайды сақтау инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға, баға өсімінің үдеуіне жол бермеуге және инфляцияны 5%-дық ортамерзімді мақсатқа жету жолында орнықты траекторияға қайтаруға бағытталған. Ұлттық Банк қажет болған жағдайда базалық мөлшерлемені көтеруі де мүмкін", - дейді реттеуші орган.
ҚР Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 11 шілдеде Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
ҚР Ұлттық Банк болжамының негізгі өлшемдері, базалық сценарий 2025 |
2026 | 2027 | |
Brent мұнайы, 1 баррелі, АҚШ доллары |
65,0 (73,0) |
60,0 (70,0) |
60,0 (70,0) |
ЖІӨ өсімі, %, ж/ж |
5-6 (4,2-5,2) |
4-5 (4,2-5,2) |
3,5-4,5 (3,5-4,5) |
ТБИ, 01.12.2024-01.12.2025 аралығы, % |
10,5-12,5 (10-12) |
9,5-11,5 (9-11) |
5,5-7,5 (5,5-7,5) |
Ағымдағы шот, ЖІӨ-ден пайызбен |
-3,8 (-2,8) |
-4,0 (-3,2) |
-3,8 (-2,8) |