Алматы халықаралық әуежайы тағы да даудың ортасында қалды. Әлеуметтік желіде әуежай ішін су басқаны көрінетін видео тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Куәгерлердің айтуынша, жағдай тосын жерден болған.
"Паспорттық бақылаудан өтіп, лаунджға көтерілген едік, бір сәтте бәрін су басты. Тексеріс аймағы, паспорттық бақылау, компьютерлер - бәрі су астында қалды. Барлығын жауып, ешкімді кіргізбей қойды", - деді жолаушылардың бірі.
Желі қолданушылары рейстер кешіккенін де жазған. Оқиға жұрттың наразылығын туғызған, себебі мұндай жағдай әуежайда бұған дейін де болғаны айтылды. Пікірлерде әуежай инфрақұрылымының сапасына қатысты сын көбейген.
Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі төтенше жағдайға пікір білдірді.
"Қатты жауын-шашын салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының кейбір жерлеріне шатырдан су ақты. Ақау 30 минут ішінде жедел түрде жойылды. Жағдай рейстерге әсер еткен жоқ. Қазір әуежай штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ақаудың себебін анықтау мақсатында, сондай-ақ, алдағы уақытта мұндай жағдай болмауы үшін инфрақұрылымға қосымша тексеріс жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.