2024 жылға "ҚазМұнайГаз" компаниясы 350 млрд теңге дивидент төлемек

Кәмшат Тілеухан 25 нояб. 2024 13:40 1039

2024 жылдың қорытындысы бойынша "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы 350 млрд теңгеге дивиденд төлейді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"2022 және 2023 жылдары біз акционерлерімізге әр жыл сайын 300 млрд теңге көлемінде рекордтық көрсеткіштегі дивидендтер төледік. 2024 жылы бұл соманы 350 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда", - деді Асхат Хасенов.

Ол компанияның қаржылық жағдайы тұрақты екенін және оның қаржылық тұрақтылық көрсеткіштері жақсарып келе жатқанын атап өтті.

"Бұл - өтімділік пен қарызды тиімді басқарудың нәтижесі. Бүгін халықаралық рейтингтік агенттіктер "ҚазМұнайГазға" оң баға береді. Біздің акцияларымыздың құны IPO-ға шыққан сәттен бастап 60%-ға,  яғни бір акцияның бағасы  8,4 мың теңгеден 13,4 мың теңгеге дейін өсті. Орналастырудың жалпы көлемі 153,9 млрд теңгені құрады, бұл - 18,3 млн акцияға тең көлем", - деп атап өтті Асхат Хасенов.

ҚМГ Басқарма төрағасы компания борыштық міндеттемелерін төмендету бойынша жұмыстарды да белсенді жүргізіп келе жатқанын айтады.

"2017 жылдан бастап біздің топтың қарызы 13 млрд  доллардан 7,9 млрд долларға дейін төмендеді. Бұл біздің тиімділігімізді растайды: дивидендтердің өсуі және қарыз жүктемесінің төмендеуі сипатында", - деп сөзін қорытындылады ол.

Бұған дейін "Елімізде мұнай өндірісі көлемінің қысқаруына байланысты жанар-жағармай тапшылығы болуы мүмкін бе" деген сауалды Мәжіліс депутаты Альберт Рау Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке қойғанын жазған болатынбыз. Бұл сауалға министрдің берген жауабын мына арадан оқып-біле аласыздар.


Рекомендовать
Последние новости