2017 жылы жәрдемақы мен зейнетақы қаншалықты өседі

Dalanews 27 дек. 2016 06:13 950

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 2017 жылы бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерінің қалай өсетінін түсіндірді, - деп хабарлайды dalanews.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мен зейнетақы мөлшерінің 2017 жылы артуы туралы нақты түсіндірме берді.

ҚР ДСӘДМ басшысы ҚР Қаржы министрлігімен бірлесіп жүргізілген есепті ескере отырып, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшерінің 20 пайызға өсетінін хабарлады.

"2017-2019 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, ынтымақты зейнетақының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 11 пайызға ұлғайтылады. Мәселен, егер ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылы 40 000 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 9 пайызға арттырылып, 43 600 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 11 пайызға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 48 396 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы ынтымақты зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға ұлғайтылмақ.

Базалық зейнетақы 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен тағы да 13 пайызға ұлғайтылады. Мәселен, ағымдағы жылы егер базалық зейнетақы мөлшері 11 965 теңге болса, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға арттырылып, 12 802 теңгені құрайтын болады. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап тағы 13 пайызға ұлғайтылып, жалпы мөлшері 14 466 теңге болады. Осылайша, 2017 жылы базалық зейнетақы мөлшері 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға арттырылады", - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, Министр 2,1 миллионға жуық зейнеткердің зейнетақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 79,8 миллиард теңге бөлінетінін атап айтты.

Жоғарыда аталған өзгерістерді ескере отырып, зейнетақының ең төменгі мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 2016 жылғы 37 789 теңгеден 2017 жылғы 1 шілдеде 45 711 теңгеге артады. Зейнетақының орташа мөлшері (базалық зейнетақыны есептегенде) 55 154 теңгеден 66 721 теңгеге дейін ұлғаяды.

Бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан 7 пайызға, ал 2017 жылғы 1 шілдеден тағы 20 пайызға арттырылады. Нәтижесінде 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда өсім 27 пайызды құрайтын болады.

"Егер ағымдағы жылы бірінші, екінші, үшінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса,  2017 жылғы 1 қаңтарда 71 270 теңге болып, 1 шілдеде 86 222 теңгеге дейін артпақ. Ағымдағы жылы төртінші баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 111 035 теңге болса, 2017 жылғы 1 қаңтарда 118 мың теңге болып, 1 шілдеде 142 947  теңгені құрамақ", - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен келесі жылы қосымша 1,8 миллард теңге бөлінеді.

Жалпы алғанда, жоғарыда аталған зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерінің артуына республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 81,6 миллиард теңге қарастырылмақ.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 15 желтоқсанда ҚР тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған салтанатты шарада Мемлекет басшысы 2017 жылдың 1 шілдесінен зейнетақының барлық мөлшерін 2016 жылмен салыстырғанда 20 пайызға, баланың тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы жәрдемақы мөлшерін 20 пайызға арттыруды тапсырған болатын.

Рекомендовать
Последние новости