20 әлеуметтік жоба республикалық деңгейге шығады

Dalanews 23 июн. 2020 14:27 1001

Жиырма әлеуметтік жоба республикалық деңгейге шығады. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен елордада өткен «Өзгерістің сәруарлары» әлеуметтік жобалар акселераторларының кәсіпкер-қатысушыларын марапаттау рәсімінде белгілі болды.

«Акселерацияның алғы қадамдарынан өткен 39 жобаның жиырмасы таңдалып алынды. Енді олар акселерацияның толық бағдарламасынан өтіп, еліміздің әр аймағында жүзеге асуы үшін жұмыстар жүргізіледі. Бүгінде акселераторлардың алдында үш басты міндет тұр. Яғни, дайын деген жобаларға сараптық және әдістемелік көмек көрсету керек, оларға инвестициялар тарту қажет және осы жобаларды жан-жақты таратып, аясын кеңейту көзделіп отыр, - деді жоба кураторы, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Сараптау және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының жетекшісі Людмила Бурлаченко.

Оның айтуынша «Өзгерістің сәруарлары» жобасының қатысушылары білім, мәдениет, инклюзия, экология бағыттары бойынша төрт топқа бөлінген.


«Біз тек өз кәсіптерінен табыс тауып қана отырғандарды емес, әлеуметтік маңызы бар, қоғамға тигізер пайдасы мол жобаларды қолдаймыз. Әр жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты ұстанымдарына сәйкес келеді. Нақты айтқанда, аталмыш жобалар барлық құндылықтарды сақтай отырып, өз саласында үздік болуы тиіс, сондай-ақ, инновациялық түрде үнемі үздіксіз дамуы қажет. Қазірдің өзінде Қазақстанды халықаралық нарықта алға жетелеп, атын қалыптастырған брендтер бар, – деп атап өтті Людмила Бурлаченко.

Мәселен, сондай жобалардың бірі – «Aspara Fashion week». Мәдениет саласында жүзеге асып жатқан бұл жоба fashion-индустрия тарихында бірінші рет халықаралық деңгейде онлайн сән апталығын өткізіп жатыр.

Білім беру саласында «Open English» жобасы да ерекше назар аудартады. Бұл әлеуметтік жобада ерікті жастар жоғары сынып оқушыларына ағылшын тілін үйретеді. Сонымен қатар, аталмыш жоба ерікті жастарға басқару технологиясының заманауи үлгілеріне бейімдеп, көшбасшылық қасиеттерін арттырады және алдағы уақытта жұмысқа орналасу мәселесін де жеңілдетеді.

Жиырма жобаның сегізі инклюзивті салаға арналады. Оларды осы бағыттағы тәжірибесі мол «Болашақ», «Саламатты болашақ», «Замандас» қорлары және енді ғана құрылғанымен әлеуметтік салаға инновациялық көзқарасымен енген «Altyn bala» кәсіпкерлері жүзеге асырмақ. Бұлардан бөлек, инклюзивті бағыт бойынша «Kunde» және «Emoji» әлеуметтік кафелері жұмыс жасап жатыр.

Акселераторлар қатарына қосылған жобалардың ішінде бұрыннан жүйелі жұмыс жасап келе жатқан желілік ұйымдар да бар. Мәселен, солардың бірі ретінде Қазақстанның әр аймағында жұмыс жасайтын «Азаматтық бастамалар орталығының» желісін және ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға арналған «QOLDAU» білім беру ұйымдарының қамқорлық кеңесі» қоғамдық бірлестігін айтуға болады.

«Акселераторлар жұмысының басты ерекшелігі ретінде әр жобаға жеке тоқталып, тыңғылықты көңіл бұратындығын айтуға болады. Сарапшылардың 3 ай ішінде атқарған жұмыстарының арқасында аталған жобалар жан-жақты дамуы үшін зор қолдауға қол жеткізді», – деп Людмила Бурлаченко өз ойын қорытындылады.

Енді куратордың айтуынша, таңдалып алынған 20 жоба тек жергілікті деңгейде қалып қоймай, масштабын кеңейтіп, «Рухани жаңғырудың» аймақтық жобалар орталығымен байланыса отыра барлық аймақта жан-жақты дамитын болады.

Рекомендовать
Последние новости