"10-сыныптың оқушысы жаза алады". Базарбек Құрылыс кодексі жай ғана реферат екенін айтты

Сағыныш Сардарова 13 февр. 2024 14:43 3326

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек құрылыс саласына қатысты Құрылыс кодексі заң жобасының таныстырылымында бұл іске жауапты органдарды ашық сынады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, кодексте ешқандай жаңалық жоқ.

"Тимур Жиенбаевичке осы уақытқа дейін сынды айтып келдім. Алдымызда Құрылыс кодексі. Бұл 177 бет, 34 бөлім, 200 баптан тұрады. Министрліктің қосқаны 3-4 бөлім ғана. Қалғандары сәулет, қала құрылысы туралы заң, жеке тұрғын үй құрылысы туралы заң және үлестік қатысу. Бұл заң жобасында ешқандай жаңалық жоқ. Басқаша айтқанда, үш заңды қосып-қосып, бір заң ретінде кіргізе салған. "Күшейттік" дейді. ..."Жаңа заң" дейді. Ешқандай жаңа заң жоқ", - деді депутат.

Сонымен қатар, депутат Алматыда көшкінде қаза тапқан отбасын еске алып, бұл мәселеге қатысты да ешқандай өзгеріс жоғын ашық айтты. Оның сөзінше, бұл жерлер қоғамдық орынға жатады. Бақытжан Базарбек түптеп келгенде 2000-жылдары құрылыс салушылардың мүддесін қорғаған заң сол күйінде қалғанын айтты. 

"Құрылыс кодексі жаңа деп бос үмітке сенбеңіздер! Бұл жерде жаңа ештеңе де жоқ. ...Мына кодексті 10-сыныптың оқушысы жаза алады. 1-курстың студентін айтпағанда. Бұл - реферат, курстық жұмыс. Оны бізге Құрылыс кодексі ретінде әкеліп отыр. Бұл - бар болғаны 200 беттік ақ қағаз. ...Стилистикалық, грамматикалық, орфографиялық қателерді айтпай-ақ қояйын. 3-курстың студенті мұндай қате жібермейді", - дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости