"Рух" конкурсына 899 автордың шығармасы қатысып жатыр

Dalanews 07 желт. 2017 13:17 149

Алдағы жылы «Рух» байқауы жеңімпаздарының кітаптары жарық көреді . Бұл туралы І «Рух» халықаралық әдеби байқауына қатысуға өтінімдер қабылдаудың аяқталуына орай бүгін өткен баспасөз мәслихаты барысында ақын, «Әдебиет порталының» жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы мәлімдеді. Байқау дәл осы порталда онлайн тәртіпте өткен болатын.
Бауыржан Қарағызұлының айтуынша, байқаудың 16 жүлдегерінің кітаптарының әрқайсын кем дегенде 2 мың данамен келесі жылы бюджет қаражаты есебінен жеке басып шығарып, қаламақысын төлеу жоспарланған.
«Рух» байқауында жеңімпаз атанған қаламгерлерге жалпы шығармашылығында әрі қарай да қолдау көрсету тұрғысында, қазіргі уақытта олардың еңбектерін мемлекеттік тапсырыс арқылы шығарып беру қарастырылып жатыр», - деді өзі де қазақ әдебиетіндегі жас толқынның белді өкілі саналатын «Әдебиет порталының» жетекшісі.
Айта кеткен жөн, байқаудың бас жүлдесін алуға бірқатар елдің ақын-жазушылары ниет білдіріп отыр. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде келіп түскен жұмыстардан барлығы 899 туынды іріктеліп, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік басшылық ететін қазылар алқасы тарапынан мұқият таразылануда екен.
«Байқауға қатысушыларды, біз, тек ұсынылған әдеби туындылардың сапасына қарап бағалаймыз. Халықтың алдында мейлінше дұрыс, әділ шешім қабылдау жауапкершілігін жақсы түсінеміз. Қатысушыларға ешқандай шектеу қойылған жоқ, бәрі ашық түрде жүргізілді. Мықты туындыны кез-келген адам баласы мамандығына, жасы мен жынысына қарамастан дүниеге әкелуі мүмкін, яғни атақты классик замандастырымызбен бірге, талпынысы зор жастарға да тең мүмкіндік берілді», - деп ескертті қазылар алқасының төрағасы.
Байқауға жас авторлардан тыс, Несіпбек Айтұлы, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Рахымжан Отарбаев, Исраил Сапарбай, Тұрысбек Сәукетаев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Иран-Ғайып, Ермахан Шайқыұлы, Мәди Қайыңбаев, Мылтықбай Ерімбетов, Шәкен Күмісбай, Егеухан Мұқамәдиқызы, Бақыт Беделхан, Дүкен Мәсімханұлы сынды қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары өз шығармаларын ұсынған.
Елдің мәдениет саласында айшықты оқиға ретінде назар аудартқан байқау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттерді ілгерілетуге және қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға ықпал етпек. Осы орайда тиісті шараны іске асыруда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының идеясы арқау етілген. Бұл тұста Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Әбіл Жоламанов жаһандану қатерлеріне қарсы лайықты ұлттық қорғаныс жолдарын қалыптастырудың қажеттілігін атап өтті.
Өтінімдер ағымдағы жылдың 17 қарашасы мен 5 желтоқсаны аралығы қабылданған I халықаралық «Рух» әдеби байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі және олардың құрметіне мерекелік концерт, 12 желтоқсаны күні Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтеді.
Еске сала кетсек, байқауда келесі аталымдар түзілген:
1) Проза - роман, повесть;
2) Проза - әңгіме, эссе;
3) Поэзия - поэма;
4) Поэзия - өлеңдер топтамасы;
5) Үздік драматургия;
6) Үздік әдеби сын;
7) Поэзия - балаларға арналған өлеңдер;
8) Проза - балаларға арналған шығармалар.
Әр аталымның Гран-при иегері дипломмен марапатталады және 2 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық алады.
Әр аталымның 1-орын иегері дипломмен марапатталады және 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық иеленеді.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x