Ұлыбритания билігі Ресейдің барлау агенттіктерінің тапсырысы бойынша тыңшылық жасады деп күдіктенген болгариялықтарға қатысты сот Лондонның орталық қылмыстық сотында өткен еді. Бұған дейін олардың Бергей Рысқалиевке қандай қатысы бары да айтылды.

BBC мәліметінше, прокурорлар бұл адамдар Германиядағы америкалық әскери базаны қадағалап, Ресей билігінің қарсыластарын, соның ішінде журналистерді бақылауға тырысты деп санайды.

"Сотқа 33 жастағы Катрин Иванова, 30 жастағы Ваня Габерова және 39 жастағы Тихомир Иванчев келді. Олар айыптауды жоққа шығарады. Күдіктілердің екеуі - 46 жастағы Орлин Русев пен 43 жастағы Бизер Жамбазов тыңшылық жасағанын мойындады", - деп жазылған бұған дейінгі басылым мәліметінде.

Басылым дерегіне сүйенсек, бұл топ Ресейдің арнайы қызметтерінің тапсырысы бойынша 2020 жылы тамыздан 2023 жылғы ақпанға дейін операциялар орындаған.

"Тергеу мәліметтері бойынша бұл желіні Австрия азаматы және Wirecard компаниясының бұрынғы операциялық директоры Ян Марсалек есімді адам басқарған, ол Германияда алаяқтыққа қатысты айыппен іздестірілді. 2020 жылы Марсалек Еуропадан Минскіге қонған жеке ұшақпен қашып кетті. Ресейлік барлау оған қашуға көмектесті деп саналады", - деп жазылған бұған дейінгі деректе.

BBC дерегінше, олардың Ұлыбританияға қашып келіп, саяси баспана алған қазақстандық саясаткер Бергей Рысқалиевке де әсері болған.

"Айыптау мәліметтері бойынша күдіктілер Ресейдің Қазақстанмен байланысын нығайту үшін Рысқалиевті де аңдыған.

Тергеу мәліметтері бойынша күдіктілердің тағы бір операциясы Лондонда орналасқан Қазақстан елшілігіне бағытталған. …Прокурорлардың пікірінше, бұл да Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған", - деп жазылған бұған дейінгі деректе.

Dalanews.kz анықтамасы

Бергей Рысқалиев 2005 жылдан бастап Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2006 жылдан бастап Атырау қаласының әкімі, 2006 жылдан 2012 жылға дейін Атырау облысының әкімі қызметін атқарды.

Бергей Рысқалиев 2012 жылы Мәжіліс депутаты болған ағасы Аманжан Рысқалимен бірге елден қашып кеткен болатын. Сол кезде оларға халықаралық іздеу жарияланған еді.

Мәліметтерге сүйенсек, Рысқалиев мемлекетке ондаған миллиард теңге шығын келтірген.