Түркияда "Астана LRT" ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Бас прокуратурасы 2019 жылдың қыркүйегінде Түркияға Қазақстанның тергеу органдарымен іздеудегі Талғат Арданды экстрадициялау туралы өтініш жолдаған болатын, - дейді ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
ҰҚК оның нақты қайда жүргенін биыл анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Арданды Антальяда ұстады. Аталған қала судьясы 9 мамырда Талғат Арданды Қазақстанға дпеортациялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта ол қамауда.
Ал қазақстандық тарап "Астана LRT" ЖШС-ның бұрынғы басшысын Қазақстанға жеткізудің құқықтық процедураларына кірісіп те кетті.
Айта кетсек, Астана қалалық соты Талғат Арданды лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалана отырып, аса ірі көлемде бөтеннің мүлкіне қол сұғып, ұрлық жасады деп таныды. Ол 2023 жылы мамырда сырттай тоғыз жылға сотталған болатын. Осы жылы желтоқсанда Ардан сот үкіміне шағым түсірген. Бірақ үкім өзгеріссіз қалдырылды.
2022 жылы 14 қаңтарда Талғат Ардан мен оның сыбайласы деп танылған Қанат Сұлтанбековке халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Антикор Талғат Арданның Түркияда жүргенін, ондағы құқық қорғау органдары қылмыскерді ұстау үшін әрекет жасап жатқанын айтқан. Ал Қанат Сұлтанбековтың АҚШ-та жүргені белгілі болды. Алайда оған ілінген "қызыл картаның" бұл елде әсері болмай шықты. АҚШ тарапы іздеудегі Сұлтанбеков көші-қон режимі немесе сол елдің заңын бұзбаса, ұстауға жатпайтынын хабарлаған.
Айта кетсек, Ардан 2017 жылдың шілдесінде қызметінен босатылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері "Астана LRT" ЖШС бюджет қаражатынан мердігер ұйымдардың бірінің шотына 300 млн теңгеден астам қаражат аударғанын анықтаған, ал бұл ақша қолданыстағы лимиттен 125 млн теңгеге асып кеткен. Бұл - 2014 жылға қатысты оқиға.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2016 жылғы 22 желтоқсанда Ардан Қытайдың мемлекеттік даму банкінен LRT құрылыс жобасына деп 257,6 миллион долларға сыртқы қарыздың алғашқы траншын заңсыз сұраған. Ақша түскен сәттен бастап олар жобаға қолданылмаған. Оның әрекеті ауыр зардаптарға әкеліп соқтырды: "City Transportation Systems" ЖШС 85 млрд теңгеден астам шығын келтірді.
Бұған дейін Ардан аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын ысырап еткені үшін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, жеті жылға сырттай сотталған болатын. Көп ұзамай Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Арданды кінәлі деп тауып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Арданнан "City Transportation Systems" ЖШС пайдасына 85 млрд теңгеден астам материалдық шығын өндіріп алынды.