Мәскеуде Украина­ның Қазақстандағы бұрынғы елшісіне үкім шықты

Көркем Алдабергенова 12 мам. 2025 17:18 286

Украинаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Петр Врублевскийге Мәскеудің Басман соты сырттай үкім шығарып, оны алты жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы адвокаты Дмитрий Кирсанов РИА Новости агенттігіне хабарлаған.

Ресей тарабы Врублевскийді ұлты мен тіліне байланысты жеккөрушілік пен араздық қоздыруға шақырды деп айыптады. Айып ҚР Қылмыстық кодексінің 282-бабы 2-бөлігі "а" тармағы бойынша (зорлық қолдану қаупімен көпшілік алдында жасалған арандатушылық) тағылған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың тамызында ол Қазақстандағы елші қызметін атқарып жүрген кезінде берген сұхбатында Ресей азаматтарына қарсы күш қолдануға үндейтін мәлімдеме жасаған. Бұл сұхбат интернетте ашық таралған. Кейін Врублевский тергеуден жасырынған және халықаралық іздеуге жарияланған. Сот оған сырттай қамау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған.

2022 жылы әлеуметтік желілерде Врублевскийдің «орыстарды өлтіру керек» деген мазмұндағы видеосы тарап, бұл қоғамда үлкен резонанс тудырған. Осыдан кейін Қазақстан билігі оған "қажетсіз тұлға" деген мәртебе берген, ал Украина оны елден кері шақырып алған. Кейін оның орнына жаңа елші тағайындалған.

2024 жылдың ақпанында Ресейдің қаржылық мониторинг агенттігі (Росфинмониторинг) Петр Врублевскийді экстремистер мен террористер тізіміне қосқан. Оның аты-жөні Ресей ІІМ-нің іздеу базасына да енгізілді.

Бұл Врублевскийге шығарылған алғашқы үкім емес. Бұған дейін де ол сырттай алты жылға сотталған еді. Алайда Мәскеу қалалық соты үкім шығаруда процессуалдық заңбұзушылықтар болды деп есептеп, істі қайта қарауға жіберген болатын. Енді жаңа үкім қайтадан сол мерзімді – 6 жыл бас бостандығынан айыруды қарастырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар