Энергетика министрлігі кейбіреулерге "халық есебінен еш себепсіз табыс табуға мүмкіндік беріп отыр". Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Электр энергиясы нарығында провайдерлердің саны артып келеді. Қазіргі уақытта олардың саны 18 заңды тұлғаға жеткен.
Олардың қызмет құны реттелмейді, ал жеткізілетін электр энергиясының көлемі мен бағасы шарттық қатынастарға негізделген. Бұл тұтыну мен өндірудің нақты көлемдерін жасыруға мүмкіндік беріп, нарықтың ашықтығына нұқсан келтіреді.
Тек 2024 жылдың өзінде провайдерлер нарық операторларын айналып өтіп, 187 ұйымнан 13,7 млрд кВт*сағ электр энергиясын (шамамен 200 млрд теңге) сатып алған және таратқан.
Сондай-ақ майнерлердің бірыңғай сатып алушы «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС-ны айналып өтіп, сыртқы компаниялардан теңгерімдеуші жеткізуші арқылы электр энергиясын сатып алғаны анықталды. 2024 жылдың өзінде олар 901 млн кВт*сағ (шамамен 13 млрд теңгеден астам) энергия тұтынған.
Отырыста Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бұл мәселеге ерекше назар аударды.
«Ең алдымен, Энергетика министрлігі тарапынан өндіріс көлеміне, тұтынуға және нақты тарифтерге мониторинг жүргізілуі тиіс. Аудит деректеріне сәйкес майнерлер Бірыңғай сатып алушыны айналып өтіп, 1 млрд кВт*сағ-қа дейін электр энергиясын тұтынып отыр. Энергия тапшылығы жағдайында майнерлердің электр қуатын осылай бақылаусыз тұтынуына қалай жол беруге болады?» — деді Әлихан Смайылов ҚР Энергетика министрлігінің өкілдеріне.
Министрлік өкілдері майнерлерге қатысты қажетті лицензиялау механизмдері әзірленгенін атап өтті.
«Лицензиялау – бір мәселе. Олар энергияны провайдерлер арқылы реттелмейтін бағамен сатып алады. Нәтижесінде шығындар тұтынушыларға жүктелуде. Баланстық провайдерлердің саны артып келеді. Бұл – халық есебінен еш қиындықсыз пайда табудың жолы. Ал сіздер бұған жол беріп отырсыздар. Бақылаудың тиімді механизмдері жоқ», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Нарықты терең зерттемеу және маркетингтік зерттеулер жүргізбеу салдарынан «KEGOC» АҚ-ға 4 жоба бойынша мердігерлер жабдықты 2-3 есе қымбат бағамен жеткізген. Жалпы артық шығын 2,2 млрд теңге.
Соңғы 10 жылда «Самұрық-Энерго» АҚ тобы небәрі 4 жаңа жобаны іске асырған. Бұл 2024 жылы бекітілген Даму стратегиясы бойынша алдағы 10 жылға жоспарланған 25 жобаның іске асырылуына күмән тудырады.
Тоқтатылған жобаларға байланысты «Самұрық-Энерго» АҚ-ның тиімсіз шығындары 199 млрд теңгені құрайды. Ең ірілері: Балқаш ЖЭО құрылысы – 102 млрд теңге, Екібастұз ГРЭС-2-нің №3 энергоблогы – 61,2 млрд теңге.
Жалпы аудит нәтижесі бойынша анықталған қаржылық заң бұзушылықтар 66 млн теңге болды.
Бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау 9,5 млрд теңгені, қаражат пен активтерді тиімсіз пайдалану 104,7 млрд теңгені құрады.
Барлығы 72 рәсімдік және 35 жүйелі бұзушылық тіркелді.