Астанада 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге қатысты тың дерек шықты

Көркем Алдабергенова 13 мам. 2025 09:36 534

Астанада өзінен кіші балаға лифтте пышақ ала жүгіріп, бетін тілген балаға қатысты тың деректер белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сот мәліметінше, Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 14 жастағы К.- ге қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысы бар қылмыстық іс түскен.

Сот К.-ның II топтағы мүгедек екенін, психоневрологиялық диспансерде есепте тұра отырып, 2025 жылғы 11 ақпанда тұрғын үй кешенінің лифтінде болған кезде кәмелетке толмаған адамға яғни Е.-нің денесіне зақым келтіріп, оның бетіне пышақпен жарақат салғанын анықтады.

Сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес К. созылмалы психикалық аурудың салдарынан, әрекет кезеңінде өзінің іс-қимылының нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсінбеген және оларды басқара алмаған, психикалық жағдайы бойынша өзіне және қоғамға қауіп төндірген. Мәжбүрлеп емдеуді қажет етеді.

Қылмыстық кодекстің 16-бабының талаптарына сәйкес, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. Есі дұрыс емес деп танылған адамға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдана алады.

Сот қаулысына сәйкес, К.-ге Талғар ауданы Ақтас ауылындағы қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі мекемеде стационарлық мәжбүрлеп емдеу тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 11 ақпанда Қазақстан жұртшылығын дүр сілкіндірген оқиға болды. 14 жастағы жасөспірім Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт ішінде бес жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар