Биометриялық тіркеу: саусақ ізі арқылы қылмысты ашуға, қауіпсіздікті нығайтуға септеседі

Dalanews 06 сәу. 2023 02:36 419

Қазақстанда келесі жылдан бастап құқық қорғау саласында міндетті биометриялық тіркеу енгізіледі. Мұның бір талабы – әр адам төлқұжатын немесе жеке куәлік алуға тапсырыс берген кезде саусақ іздерінің үлгісін де тапсыруы тиіс. Негізі, бұл ереже осыдан бес жыл бұрын қабылданған. Демек, осы уақытқа дейін әбден пісіп-жетілді деуге негіз бар. Ал, ол қашан жұмыс істей бастайды және қазақстандықтардың күнделікті өмірін қаншалықты жеңілдетеді? Осы сауалға жауап іздеп көрсек.

Ел тәуелсіздігінің төртінші жылында қазақстандықтар КСРО төлқұжатын біртіндеп жеке куәлікке ауыстыра бастады. Мұны Қазақстанның 16 жасқа толған азаматынан бастап пайдалана алады. Көпшілігіміз білетіндей, бірнеше ондаған жылдар өткен соң, басты сәйкестендіру құжаты бірнеше рет өзгерістерге ұшырады.

«2009 жылы жеке куәлікке жеке сәйкестендіру коды бойынша деректер енгізіліп, он жыл сайын ауыстырылатын өзгеріс пайда болды. Одан кейін 2012 жылы Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі тағы ауыстырылды, бұл жолғы жаңалық - құжатқа арнайы чип орналастырылды», - деп түсіндірді Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі басқармасы басшысының орынбасары Еркін Өтегенов.

Енді азаматтардың жеке деректерін жинау мақсатында Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәліктерді ұсынуға байланысты саусақ іздерін жинайтын арнайы сканерлер орнату жоспарлануда. Саусақ іздерін бірінші болып 16 жастағы қазақстандықтар, сондай-ақ елде тұрақты қоныстанған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар береді. Мәліметтер базасы Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК-де қолжетімді болады. Жоба келесі жылдан жұмыс істей бастайды.

«Биометриялық құжаттар биометриялық сәйкестендіру жүйесін құруға және енгізуге, құжаттарды қолдан жасаудан қорғауға, лаңкестік және экстремистік қауіп-қатерлердің күшеюі жағдайында қауіпсіздік шараларын арттыруға, қылмыспен күрес оқиғаларын сәтті шешуге мүмкіндік береді. Саусақ ізін тіркеу жеке басын анықтау және растау мақсатында жүргізіледі», - дейді ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айгүл Қаңлыбаева.


Дамыған елдердің әлемдік тәжірибесіне көз жүгіртсек, мұндай тиімді жұмыстардың жүйелі жолға қойылғанын аңғаруға болады. Мәселен, АҚШ-та азаматына берілетін төлқұжаттарда 2004 жылдан бергі құжат иесі туралы биометриялық ақпарат, оның ішінде саусақ ізі бар чип орнатылған. Ұлыбританияда да мұндай инновациялар 2006 жылы, Германияда 2010 жылы, Қытайда 2013 жылы кеңінен қолданыла бастады. Саусақ ізін тіркеу посткеңестік кеңістіктегі елдерде бұрыннан қолданылып келеді. Белгілі болғандай, қазақстандықтардың көпшілігі мұндай заманауи жаңалықтарды енгізуден хабардар емес.

Тағы бір мысалды алға тарта кетсек, бір қылмыстық оқиғаны анықтау бойынша екі бірдей адам делік. Біреуі екіншісі болып көрінуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін саусақ ізі арқылы анықтау оңайға түседі. Дегенмен, қазір «Электрондық үкімет» порталының «Ашық құқықтық актілер» бөлімінде төлқұжат пен жеке куәлікті беру, ауыстыру, қайтару, алып қою және жою ережелері талқылануда. Құжатты Ішкі істер министрлігі әзірлеген.

Азаматтың электрондық цифрлық қолтаңбасы сақталатын чип жақын арада саусақ ізі түріндегі құжат иесі туралы жаңа бірегей ақпаратпен толығады. Жақында төлқұжатқа, жеке куәлікке қосымша электронды код енгізіледі.

https://dalanews.kz/bas-takyryp/88925-nurken-asanov-qogamdy-ulylardyng-osie

https://dalanews.kz/saraptama/88935-feyk-aqparat-taratyp-qarzhy-piramidas

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x