Бейресми жұмыспен қамту жұмыс сапасының нашарлауына әкеп соғады – кәсіподақ сарапшысы

Dalanews 15 қар. 2022 06:12 193

Бүгінде еліміз үшін бейресми жұмыспен қамтудың алдын алып, онымен күрес жүргізудің маңызы зор. Қандайда бір бейресми емес жерде жұмыс істеп жүрген адамның еңбек құқығы қорғалмайтыны белгілі. Осыдан кейін түрлі мәселелер туындайды. Біздің ҚР Кәсіподақтары федерациясы осы бағыттағы мәселелерді көтеріп, жоғарға жеткізіп келеді.

Ұлттық статистика бюросының ағымдағы кезеңдегі мәліметтері бойынша Қазақстанда жұмыспен қамтылғандар саны 8 миллионнан астам адамды құрайды, оның ішінде 2 миллионнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Бейресми жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі көбінесе жұмыс сапасының нашарлауына және соған байланысты төмен жалақы проблемаларына, оқытуға қолжетімділіктің шектелуіне, әлеуметтік қамсыздандырудың немесе келісімшарттық еңбекті қорғаудың аз немесе мүлдем болмауына әкеледі.

Бұл құрамдастардың әрқайсысы еңбек нарығының сапасына ғана емес, ең алдымен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың әл-ауқатына кері әсерін тигізеді.


Осыған байланысты Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы қолданыстағы еңбек заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша бірнеше жұмыс топтарына қатысып келеді. Сондай-ақ, еңбек саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін Үкіметке бірқатар шараларға бастамашылық етіп те отырғанын атап айтуға болады. Мәселен, Бас келісімде кәсіподақтардың көптеген бастамалары болды.

Кәсіподақ Бас келісімге ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайту, оны жыл сайынғы индекстеу, ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерде ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» конвенциясын ратификациялау мәселесін енгізу сынды маңызды дүниелерге қол жеткізді.

Лайықты еңбек тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін әлеуметтік серіктестермен Жол картасын әзірледі. Біз әлеуметтік серіктестіктердің қарауына ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін дайындау және оны дәйекті түрде арттыру қажеттігі туралы мәселені бірнеше рет ұсындық.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарына арнаған Жолдауында кәсіподақтың бұл бастамасына қолдау көрсетті. Мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізеді, ол оның мөлшерін біртіндеп ұлғайтады.

Ал қазірдің өзінде келесі жылдың басында ең төменгі жалақы 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін өсетіні белгілі болды. Бұл жұмыс істейтін 1,8 миллион қазақстандыққа тікелей әсер етеді.


Үстіміздегі жылдың сәуір айында Үкімет қабылдаған «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына» енгізу үшін кәсіподақтар федерациясы да бірқатар ұсыныстарға бастамашы болды.

Ең алдымен кәсіподақтар федерациясы еңбекақы жүйесін анықтау тетіктерін қайта қарау туралы ұсыныс жасады. Бағдарламаны іске асыру халықтың нақты табыстарының орташа жылдық өсу қарқынын 4-5 пайыз деңгейінде, 2 миллионнан астам жұмыс орнын құруға, ЖІӨ-дегі жалақы үлесін арттыруға әкеледі деп күтілуде.

Бағдарламада облыс, аудан, қала әкімдері үшін халықтың әрбір 10 мың тұрғынына кемінде 100 жаңа жұмыс орнын құру көрсеткіші белгіленгенін айта кеткен жөн.

Гүлнар ЖҰМАГЕЛДИЕВА, ҚР Кәсіподақтары федерациясы төрағасының орынбасары.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x