Кадрлық резервке енген азаматтардың елді дағдарыстан шығарар әлеуеті мол – Әлібек Ыдырысұлы

Dalanews 29 шіл. 2022 07:53 209

Президенттің кадрлық резервіне енген ғалым Әлібек Ыдырысұлының айтуынша Қаңтар оқиғасындағы батыл мәлімдемесінен кейін халықтың Мемлекет басшысына деген сенімі артқан.

 «Халық Тоқаевтың тұлғасына сенеді», – дейді бүгіндері «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алатын Әлібек мырза.

Dalanews-тың «Президенттің кадрлық резерві саясатқа қашаннан бастап белсенді араласа бастайды?» деген сауалына жауап берген сарапшы Қазақстан идеологиясын жасап, стратегиясын жүргізіп отырған азаматтар тағы бір Қаңтар оқиғасы қайталанбауы үшін жұмыс істеуі керек деп пайымдайды.

«Сіз менен кадрлық резерв дағдарысынан алып шығудың потенциалы бар ма деп сұрап отырсыз ғой. Жасырып керегі жоқ, халықты қымбатшылық қысып барады.

Несін жасырайық, осы күнге дейінгі идеологияда кемшілік көп болды. Бүгіндері жұрт Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасына сенеді. Қазақ Тоқаевтың тазалығына, дипломаттығына, кәсібилігіне ғана үміт артып отыр. Барлық қиындықтан Тоқаев алып шығады деп біледі.

Мемлекет басшысы үкіметке қаншама тапсырма берді. Үкімет халықты дағдарыстан алып шығуға қауқарсыз болып отыр. Мұны түнеукүнгі жиында Тоқаев та өзі де назарға алған. Үкіметке жұмыс істейтін адам керек. Ол қазақ тілді, қазақтың жоғын түсінетін, тәжірибелі, батыл, мінезді адам болса, қандай дағдарыс болса да шешер еді. Президент үкіметке ғана емес, өзінің айналасына да сондай адамдарды топтастырса, көп дүние жасауға болады», – дейді Әлібек Ыдырысұлы.

Оның айтуынша Тоқаевтың билігіне жаңа азаматтар керек. Соның ішінде президенттік кадрлық резервке енген азаматтар Жаңа Қазақстанның қабырғасын қалауға әзір.


«Тек мүмкіндік беру керек оларға. Көке-тәтеге байланған жүйеден құтылмай, ешнәрсе өзгермейді. Халық жақсы өмірден үмітті. Резервтегі кадрлар мемлекеттік саясаттағы олқылықтарды көріп және соны түзегісі келеді. Біздердің президенттің бір жағына шығысатын потенциалымыз мол», – дейді Әлібек Ыдырысұлы.

Оның атап өткеніндей резервтегі азаматтардың біліктілігі өте жоғары. Бәрі сүзгіден өткен, сыналған, шетелде оқыған, таңдалған азаматтар.

"Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді. Бүгінгі саяси қоғамдық-жағдайлар ұлтқа, мемлекетке қызмет етемін деген маманнан мінез күтеді.

Алаш арыстары 1 ғасыр бұрын өмір сүрді. Қазіргі біз сияқты жақсы өмір көрген жоқ, жақсы жерде білім алған жоқ. Бірақ бәрі қазаққа қалтқысыз қызмет қылды. Мінезден деген сол. Әйтпесе, Бөкейхановтың еуропа асып кетуге шамасы жетпеді дейсіз бе? Бірақ ондайға саналы түрде барған жоқ. Байтұрсынұлы да солай. Ұлтқа қызмет етудің үлгісі сол алаш арыстары", – дейді.

Әлібек мырзаның пікірінше, халыққа Жаңа Қазақстанның концепциясын жасап, ұсыну қажет. Президенттік кадрлық резервіне енген азаматтар бұл іске атсалысуға әзір. 


"Мысалы, мен өзім биологпын. Экологиялық сукцессия деген термин бар. Белгілі бір экологиялық жүйедегі алмасу процесі дегенді білдіреді. Мысалы, Медеуде қарағай-самырсындар дауылдан құлап қалды ғой. олар қайта қалпына келу үшін үш сатыдан өтуі керек. Біріншісі, экологиялық сукцессияның өсуі, екіншісі тұрақтану, үшіншісі климат. Табиғатта да осындай сукцессия бар. Жаңа Қазақстан да сол сияқты. Бірдей бәрі өзгеріп, құлпырып кетпейді. Жаңа адамдар келеді, олар жұмыс істейді, тұрақтанады, ары қарай жеміс береді. Ұзақ уақыттық процесс", – дейді сарапшы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x