«Кеңестік жүйенің құндылықтары өшіп барады». Көзі ашық Своиктің өзі бұлай айтса, басқалар не демейді?

Dalanews 26 сәу. 2022 04:30 351

Күні кеше ғана Ютуб әлеуметтік желісіндегі ZonaKZ арнасына Петер Своик сұхбат беріп, қазақ қоғамының Кеңестік жүйе кезіндегі мұраларынан бас тартуы орынсыз екенін, сол кездегі қалыптасқан құндылықтарды тарих бетінен өшіріп,  Қазақ тарихын ақ парақтан бастауды қолдамайтынын ашық айтыпты.

 

Теріс көзқарасқа Кеңестік идеологияның өзі кінәлі


Сұхбатында Петер Своик Путиннің «Назарбаевқа дейін қазақ жерінде мемлекет пен шекара болмаған» деген әйгілі сөзін тағы бір қайталап өтіпті.

Өзін білгір саясаттанушы санайтын Петер Своик бұлайша бұра тартуын түсіне алмадық. Ол өмір бойы қазақ жерінде тұрып, Қазақстанның мемлекеттілігін Назарбаев дәуірімен шекетеуі ақылға сыймасы анық.

Көзі ашық, Қазақтың тарихын оқиды-ау деген Петер Своиктің өзі бұлай деп отырса, қарапайым басқа ұлттың өкілдері не демейді?

– Кез келген адам әке-шешесіз болмайтыны секілді қазақтардың өткен тарихынан бас тартпайтыны анық. Кез келген халықтың өткен тарихи жолы ұлт болып қалыптасуына ықпал ететін фактор. Сол сияқты Кеңестік жүйе кезіндегі өткен тарихтан толықтай бас тарту дұрыс емес. Оны тарих бетінен жұлып тастай аламайсың. Қазір кейбіреулер Қазақстан ұлыттық, нарықтық-экономикаға бет бұрғанын алға тартып, бәрін жаңадан, ақ парақтан бастағанды жөн санап жүр. Бұл дұрыс емес. Кеңес заманында шашылық пен репрессиядан басқа ештеңе болмаған сияқты, – деп Своик мырза қынжылысын білдіріпті.

Иә, қазақ қоғамында Кеңестік заманындағы құндылықтарға қарсы көңіл күйдің бар екені жасырмаймыз. Бірақ мұндай көзқарас аяқ астынан аспаннан түскен жоқ қой. Бұл көзқарасты сол кездегі Кеңестік идеологияның өзі туындатқанын ұмытпауымыз керек.

Кеңес заманында қазақтың басынан талай нәубет өтті. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Ұлт мүддесін үшін күрескен қаншама зиялыларымыз репрессияға ұшырап, атылды. Одан кейін қолдан жасалған аштық. Қырғын соғыс. Қазақ тілін ұмытуға айналғанда Тәуелсіздігімізге ие болып, Құдай сақтап қалды.


Петер Своикке салсақ осының бәрін оп-оңай ұмыта салуымыз керек екен. Бұл мүмкін емес қой, әкем-ау.

Керек десеңіз, кеңестік жүйеге қатысты мұндай көзқарас жалғыз Қазақстанда ғана емес, бүкіл посткеңестік елдерді кезіп жүргенін Петер Своик неге түсінбейді?

Петер Своикке салсақ, біздер репрессия мен аштыққа ұшырағандардың (жарайды соғысты айтпай-ақ қоялық) төгілген қанын оп-оңай ұмытып, Кеңес заманында қалыптасқан құндылықтарды ары қарай дәріптей беруіміз керек екен. Бұлай бола ма? Болмайды.

 

«Жаңа Қазақстанда» Кеңестік құндылықтарға орын жоқ


Кеңес заманында әр қазақ отбасының жүрегіне жара салынды. Қазір кез келген қазақпен шүйіркелесе қалсаң, әлгі адамның арғы аталары репрессияға ұшыраған, болмаса, ашаршылық кезінде елде бас сауғалап көшкенін жырдай қылып айтып береді.

Тіпті,  қалада туып, қалада өскен орыс тілді қазақтардың өздері алғашқы пәтерін қандай ит-қорлықпен алғанын орыс тілінде жаны күйзеле отырып айтып беретінін кімде болса біледі.

Кеңес заманында қазақтардың Алматы мен ірі қалаларда пәтер кезегінде жылдар бойы тұрып, баспанаға әрең қол жеткізгені жасырын емес. Мұны Петер Своик жақсы біледі. Соны біле тұра "Кеңестік жүйенің құндылықтарын  ұмытқыларың келеді" деп реніш айтуы орынсыз.

Демек қазақтардың сол бір кезеңді аңсап, армандайтындай, қимастықпен еске алатындай ешқандай құндылық жоқ. Осыдан кейін Кеңестік жүйе кезіндегі құндылықтарды қалай дәріптейміз?

Жергілікті мемлекет құрушы ұлтты алалау, ұдайы төменшіктетіп отырған Кеңестік жүйені дәріптеп, «Жаңа Қазақстанды» құру мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес. Әрбірден соң бұл өз-өзіңді қорлау ғой.


Рас, Кеңес заманында халықтың тұрмыстық жағдайы бірдей, жақсы болды. Аш қалып, көштен қалған адам болмады.

Своик сияқтыларға салсақ, қарынымыздың тойғанына мәз болып, сол кезеңді күнде еске алып жүруіміз керек керек екен.

Сонда әміршіл-әкімшіл жүйе өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы аштықты «Кеңес заманында қарынымыз тойды» деп ұзақ жыл айтып жүру үшін ұйымдастырған ба деп қаласың?..

Осы ретте Петер Своикке мұндай идеологияға қазақтың «Қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген бір ғана мақалы жылдар бойы антивирус болғанын ескертеміз.

Әрбірден кейін Кеңес заманынды орын алған сұмдық әрекеттер мемлекетті нығайтуға ешқандай мотивация болмайды. Своиктің сөз ауанынан биліктің алдағы 9 мамырда әскери парад ұйымдастырмауына қатты ренішті екенін байқағандай болдық.

Әскери шеру өткізу ол - ешқандайда құндылық емес. Егер Своик әскери шеруді көруге қатты құмартса, Мәскеуге  барып көріп келуіне болады ғой.

Әскери шеру ол - соғыстың сиволы. Қазір соғыстың сиволы өркениетке ұмтылған ел үшін құндылық болмауы керек. Своик мырза осыны түсінуі тиіс.


Егер Ұлы Отан соғысы кезінде мерт болған аталарымызды еске алып, Құран оқытып, ас берсек, мұнымыз да Своик сияқтыларға ұнмауы мүмкін. Сондықтан өз білгенімізше әрекет ете беруіміз керек. Өйткені біз тәуелсіз мемлекетпіз.

Нұрлан ЖҰМАХАН, журналист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x