Шенеуніктің көпшілігі тақыр кедей. Әйелі шіріген бай - саясаттанушы

Dalanews 29 шіл. 2020 05:33 187

Саясаттанушы Айдос Сарым шенеуніктердің табыс туралы декларациясын жұртшылық жиі пайдаланатын платформаларда жариялауға шақырды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы ол Жемқорлыққа қарсы агенттіктің Facebook-те өткен тікелей эфирінде айтты.

"Мемқызметте жүріп адам өзінің жүріс-тұрысын шектейді. Коррупция барлық елде бар. Шенеунікті екі шоқып, бір қарау қажет. Бұлардың декларациясын қарар болсаңыз, не көлігі, не үйі жоқ.

Көпшілігі дүние-мүлкін әйелінің атына тіркеп қояды. Белгілі бір қызметке келердің алдында әдейілеп әйелімен ажырасатын шенеуніктер де жоқ емес.


Біз интернет дәуіріндеміз. Елдің көзінен ештеңе жасыра алмайсыз. Саған тиесілі дүние бәрібір жарқ етіп шығады", – дейді саясаттанушы.

Айтуынша шенеуніктердің табыс туралы декларациясы жұртшылық жиі пайдаланатын платформаларда жариялануы керек. 


"Мемқызметке келдің бе, ашық дереккөздерде, сайттарда қанша табыс тапқаныңды көрсет. Әкімдер де қызметіне кіріспей тұра, өзінің дүние-мүлкі туралы жұртқа ашық мәлімет бергені жөн. Жұрттан жасырарың жоқ болса, несіне қысыласың?

Екінші мәселе - бұл қызметке неге келдің? Әкім мен министрлер қызметке тағайындаларда, дайын жоспармен келуі қажет. Айталық, екі жылда не бітірем деп. Қанша мектеп, қанша аурухана саламын, қанша көпір тұрғызамын деген дайын жоспары болуы тиіс. Бұл оның міндеті! Бізге осындай мәдениетті қалыптастыру қажет. Әйтпесе кейбір әкімдердің не бітіріп отырғаны белгісіз, тіпті түрін де білмейміз. Егер нақты жұмыс жобасы болса, мұны халық та бағалар еді", – дейді Айдос Сарым.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x