Өнім тазалығы – ең басты көрсеткіш

Dalanews 06 шіл. 2018 03:24 276

Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Алматы облысында арнайы сапарда болып, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты жұмыстармен жан-жақты танысып, өзінің ой-пікірлерін, ұсыныстары мен алда тұрған міндеттер жайлы көкейкесті мәселелерді ортаға салды. Министр Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, ғылыми тұрғыдағы жұмыстарында игілікті ізденістер жасап келе жатқан үлкен институт ұжымына шексіз ризашылығын білдірген еді.

Міне, көп уақыт өтпей-ақ осы ғылыми-зерттеу институты тағы да бір тағлымды табандылықтың тамаша үлгісін көрсетіп үлгерді. Ол Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен бірлесе отырып, «Органикалық ауыл шаруашылығы – экологиялық таза өнімдерді өндірудің негізі» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізудің ұйытқысы болды. Аталған іс-шараға тек Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдердің кеңінен танымал ғалымдары мен шаруашылық саласында молынан іс-тәжірибе жинақтаған біліктілігі мен шеберліктері шексіздігімен көрінген бесаспап мамандары қатынасты.



Конференцияның ұйымдастыру комитетінің құрамында университеттердің ректорлары мен сан-салалы ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, барлығы 13 адам болды. Ал халықаралық ғылыми комитеттің құрамынан, алыс-жақын шетелдерден барлығы 13 адамның қамтылуының өзі конференция маңызының өте зор болғанын көрсетеді. Қатарынан екі күнге созылған айтулы іс-шарада аталған тақырыптың шеңберінде экологиялық таза өнімдерді өндірудің негізі түптеп айтқанда, түбегейлі әңгіме арқауына айналды десек, артық айтқандық болмайды. Бұл халық мүддесі үшін жасалып жатқан жағдайдың барысына жан-жақты мән беру болып табылады.

Бастапқы күні қатынасушыларға Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қол жеткізіп отырған ғылыми жетістіктері мен көрмелері және зертхана жүйелері, тұқым сақтайтын қоймалары таныстырылды. Сол сияқты институттың барлық егілген дақылдар бойынша жайқалып өсіп жатқан егістік алқаптары да таныстыру жағынан шет қалмады. Сонымен қатар әр алуан тақырыптарға белгіленген пленарлық мәжілістер де сол күні жүргізілді. Келесі күні секциялық мәжілістердің де маңыздылығы өзіндік ерекшелігімен назар аударды.

Бес бағыттағы секциялық мәжілістерді модераторлар, белгілі ғалымдар А.Иванов, Ф.Привалов, Р.Оразалиев, В.Кирюшин, С.Кененбаев, А.Сапаров, В.Надыкта, А.Сағитов, С.Кешуов, А.Грибановский, ғылыми хатшылар М.Есімбекова, К.Булатова, А.Хидиров, Б.Дүйсенбекова, К.Баймағамбетовалардың жетекшілігімен өтті. Осынау басқосқан мәжілістерде органикалық ауыл шаруашылығы – экологиялық таза өнімдерді өндірудің негізіне айрықша тоқталып, оның тиімділігі мен тигізер пайдасы жолдарын ашуға терең де барынша мән берілді. Осы орайда ғалымдар мен мамандар өздерінің шегіне жеткен түйінді ойларын бүкпесіз жайып салды. Оның ертеңгі күнге қажеттілігі және ескерілер жақтары да баршылық. Ортақ мақсатқа сондай құндылықтар құлшындыра түседі.

Конференцияның ашылу салтанатында модераторлық жасаған С.Кененбаев пен У.Тәжібаев ауыз толтырып айтарлық іс-шарадағы негізгі бағыттарды тілге тиек етіп отырды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті М.Жұрынов, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Т.Есполов, Белгород ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры С.Тютюновтардың, тағы басқа шетелдік танымал тұлғалардың құттықтау сөздері де сондай әсерлі болды.

Жиналғандардың барынша ден қойғандары пленарлық мәжілістегі баяндамалар болды. Олардың арасынан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық ғылым академиясының және Моңғолия аграрлық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті мүшесі Серік Кененбаевтың «Органикалық егіншілік – Қазақстандағы агробизнестің серпінді дамуының негізі», В.В. Докучаева атындағы топырақ институтының директоры, Ресейдің РАН академигі А.Ивановтың «Ресейдегі егіншілік экологиялық тұрақтылықта: жағдайы, проблемасы мен оны шешу жолдары», Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Т.Есполов «Қазақстандағы органикалық егіншілік жайы мен келешегі және оның дамуы», Ресейдегі Омск аграрлық ғылыми орталығының бас ғылыми кеңесшісі, РАН академигі И.Храмцовтың «Сібірдегі ауыл шаруашылығындағы органикалық дамудың ғылыми негіздері», сондай-ақ Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының астық мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының докторы, профессор, академик Р.Оразалиевтің, Ресейдегі К.А. Тимирязев атындағы Геология және ландшафтану университетінің топырақтану кафедрасының меңгерушісі В.Кирюшиннің, Қырғызстаннан К.И. Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің Қырғыз-Қытай НИЛ меңгерушісі У.Качибековтің, сол сияқты Қытай, Моңғолия ғалымдарының жасаған баяндамалары байыптылығымен көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Сөйтіп, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатынасушылардың мерейін үстем етіп тастады.

 

Қанат ТӘКЕБАЕВ,  журналист.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x