ОҚО Төтенше жағдайлар департаменті таудағы қауіпсіздікті сақтауға шақырды

Dalanews 01 мау. 2018 04:03 290

Оңтүстікте жыл басынан бері құтқару жасағының қызметкерлері таулы өңірлерге 3 рет іздестіру-құтқару жұмысына шығып, 5 адамға көмек көрсетті. Өткен жылдың осы мезгілінде құтқарушылар 7 шақырылымға барып, 12 адам құтқарылған болатын. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ОҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағы мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Талғат Байсариев мәлімдеді.



Оның айтуынша, таудағы қайғылы жағдайлар негізінен қауіпсіздік шараларын сақтамау себептерінен туындайды.

– Таудағы келеңсіз оқиғаларды алдын алу үшін таңдалған бағыт қатысушылардың дайындық деңгейіне және мүмкіндіктеріне сәйкес келуі тиіс. Сондай-ақ, қозғалыс бағдарын мұқият зерделеу қажет. Ондағы жер бедерінің сипатымен, қауіпті жерлері мен су көздерінен хабардар болып, тауға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып алу керек, – деді Талғат Есалыұлы.

Бұдан бөлек, таулы өңірде қайғылы жағдайды болдырмау үшін адамдар топтасып жүргендері абзал. Тау көлдерінде шомылмаған ләзім, өйткені, салқындап қалу қауіп бар. Күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде тау жотасынан төмен түсуге әрекет ету керек. Сондай-ақ, темірі бар заттарды адамдардан қашық ұстап, жеке ағаштың астына, таңбалау бағаналардың тұсына және су қоймасы жағасында отырмаған дұрыс.

Жалпы жыл басынан бері ОҚО ТЖД қауіпсіздікті сақтау шараларынан хабардар ететін 7000-ға жуық үнпарақ таратып, 165 рет әңгімелесу-түсіндірме жұмыстарын жүргізген.

Айта кетерлігі, төтенше жағдай орын алған жағдайда барлық байланыс құралдарына тегін қызмет көрсететін тәуліктік кезекшіліктегі «101» және «112» нөмірлеріне хабарласуға болады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x