Жаманқұлов: "Асекеңнің мұнысы ұят болды"

Dalanews 17 ақп. 2018 10:48 173

Жуырда ғана пара алғаны үшін сотталған артист, М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрдың бұрынғы басшысы Ерлан Біләл енді мемлекетке 52,5 миллион теңге айыппұл төлеуі тиіс.

Ерлан Біләл ұсталған сәтте қоғамда, соның ішінде мәдениет саласы өкілдерінің арасында кереғар пікірлер туындады. Мәселен, оның әріптестері жаппай жиналып, конференция өткізіп, Біләлді ақтауды сұраса, әлеуметтік желі қолданушылары мен бірқатар журналист керісінше, пара алған адам жазасын алсын деп мәлімдеп жатты.

Тіпті, Тұңғышбай Жаманқұлов пен Ерлан Біләлдің істі болуын байланыстырғандар да аз болған жоқ. Есте болса, былтыр күзде ҚР Халық артисі Т.Жаманқұлов киноға бөлінген қаражатты талан-таражға салды деп сотталған болатын. 

Сол кезде оның шәкірті саналатын Ерлан Біләл ұстазына қолдау білдірмей, сол үшін көпшіліктің сынына да ұшырағаны әлі есте.

Күні кеше Тұңғышбай Жаманқұлов «TalkLIKE» жобасында қонақта болып, журналист Аман Тасығанға сұхбат берген болатын. Әңгіме барысында ол Ерланға тек жаны ашитынын айтты.

«Ерлан менің шәкіртім. Менің басыма қара бұлт үйрілгенде ол қайда барарын білмей, әуре сарсаңға түскен балам сияқты менің. Мен жағына шығайын десе, басшысынан қорқады.
Басшы жағына шығып кетейін десе, мені ойлайды.

Сөйтіп, қатты жағдайға түскенін мен жақсы білемін. Сондықтан мен оған менің қасымнан табылмадың деп, сөзімді сөйлемедің деп өкпе арта алмаймын. Өйткені заман солай, қызмет солай. Ол қызметінен айрылып қаламын деп ойлады. Бұл да бір пендешіліктің бір түрі», — дейді Халық артисі.
Ол сондай-ақ, Біләлдің ұсталғаны жанына батқанын да жасырмай айтты.

«Мен Ерланның ұсталғанын өте ауыр қабылдадым. Facebоok-тен көргенде кино шығар деп те ойладым. Өйткені, ол ондайға баратын бала емес сияқты еді. Бәлкім, Жаңа жылдың алдында өзіне тізесі батып жүрген адамдарға сый жасаймын деп амалсыз осындай қадамға барды ма екен деп те ойлаймын», — деген Жаманқұлов мәдениет саласында да «сыйлық алғанды» жақсы көретін шенділердің бар екенін меңзеді.

Ал, Ерлан Біләлді қорғауға бағытталған баспасөз конференциясын ол нағыз театрлық қойылым деп есептейді.

«Әріптестерім Ерланды қорғап баспасөз конференциясын өткізгенде мені шақырған жоқ. Өйткені, олар кезінде менің басыма қара бұлт үйіруге себеп болған адамдар. Сосын мен бұл конференцияны не үшін өткізгендерін де түсінбедім.
«Пара берме» деген билбордтарда суреті ілініп тұрған Асанәлі ағамыз пара алғанын мойындап тұрған адамды қорғауы күлкілі әрі ұят болды.

Мұны ұйымдастырған адамды соттау керек деген де артық сөздер айтылды. Негізі бұл конференцияға келгендер «мұндай жағдайдың болғанына өкінеміз» деп айтулары керек еді. Қысқасы, бұл жөнсіз, жосықсыз конференция болды. Оны кімнің ұйымдастырып отырғанын да жақсы білемін. Бұл пресс-конференция мені қыспаққа алған ведомствоның зорлықпен жасатқан пресс-конференциясы деп айта аламын», — дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Ол сондай-ақ, Біләлге қолдау көрсеткісі келетінін, алайда оған зиянын тигізіп алғысы келмейтінін де айтып мойындады.

«Ерлан Біләлге басына күн түскенде хабарласпадым. Өйткені, біріншіден — ол менің қоңырауларыма жауап бермейді. Екіншіден — жауап берген күннің өзінде менімен сөйлескені үшін оған үлкен зиян келуі мүмкін. Өйткені, тағы айтам, Ерлан мені қыспаққа алған ведомство басшыларының сүйіктісі.
Олар Ерланның менімен сөйлескенін білсе оған зиян тигізуі мүмкін еді.

Сондықтан хабарласпадым. Мәселен, кезінде менің сөзімді сөйлеп, мені қорғамақ болған журналист қыздар жұмыстан шығып, ауыр сөздер естіп, аяқтарына тұсау салынған болатын. Оның алдында іс енді басталғанда Оралға барып Батыс Қазақстан облыстық театрында қойылым қойдым. Ұстазым Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына орай сол кісінің ойнаған спектакльдерінің бірін қойыңыздар деп ниет білдірді.

Спектакль қойылды, артынша ұйымдастырған оралдық жігіттерге бәзбіреулер телефон соғып, «оны неге шақырасыздар, оған неге қойғызасыздар» деп менің көзімше ұрысты. Бірақ, соған қарамастан, ол жігіттер батылдық жасап, аяғына дейін ойнап шығуымызға кедергі келтірмеді», — деді Халық артисі.

ДЕРЕККӨЗ: sn.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x