Ерлан Біләл театрдағы қызметін жалғастыра береді (видео)

Dalanews 15 ақп. 2018 03:43 219

Белгілі әртіс Ерлан Біләл қарашаңырақта қалады. Ол актерлер құрамында жұмысын жалғастыра бермек. Бұл туралы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының жаңа басшысы Асхат Маемиров айтты, - деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

92 жылдық толассыз тарихы бар әкем театрдың жаңа басшысы Асхат Мақсымұлы Әзірбайжан Мәмбетов секілді театрдың мәртебесін арттыруды қолға алғандығын алға тартады. «Алтын дәуірдің» айналып келуі үшін білімі мен біліктілігін барын салатынын алға тартты. Сол үшін де халықаралық деңгейде қазақтың бар болмысын насихаттайтын қойылымдарды көптеп шығаруға бел буып отырғанын да айтты. Көптен бері сахналанбай қалған спектакльдерді әртістер құрамы  алдағы айда қайтып сомдамақ ниетте.

– Шыңғыс Айтматовтың да «Ана Жер Ана» халықтық тұрғыдағы кең эпикалық тынысты үлкен полотно бар. Осы полотноны қайтадан оралту. Сүйінбай бабамыз туралы жазылған белгілі драматург мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран Ғайыптың «Сүйінбай» деген драмасы бар. Осы Сүйінбайды сахналау осы мауысымдағы біздің жұмысымыз болады, – деді  Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров.

«Алатаудан Сарыарқаға сәлем!» Осындай ұранмен қара шаңырақ елорданың 20 жылдық тойына арнайы гастролдік сапармен баруды да жоспарлап қойыпты.

«Театр көктемі» фестивалі де дәстүрлі түрде жалғасын таппақ. Осы жолы халық әртісі Әнуар Молдабаевтың рухына бағыштауды құп көрген. Қалибек Қуанышбаев сынды саңлақ актердің 125 жылдық мерейтойына орай, наурыз айында арнайы «Абай» қойылымы сахналанбақшы.

Асхат Мақсымұлы жаңа қызметке тағайындау туралы бұйрық шыққаннан кейін, ұлы тұлғалардың басына барып зиярат еткенін де жасырмады. Ал өнерде әріптес, өмірде досы театрдың бұрынғы  басшысы Ерлан Біләлдің қара шаңырақтың сахнасындағы жұмысын жалғастра беретінін де жеткізді. Өйткені, Ерлан Біләлден басқа актер сомдай алмайтын оның өзіндік  рөлдері бар.

– Ерлан осы театрдағы негізгі репертуарларды басты кейіпкерлерді сомдайды. Ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолындағы» Абай, оны Ерланнан басқа ешкім ойнай алмайды. Ол Дулат Исабековтың «Жау жүрегіндегі» Балуан Шолақ, Исраил Сапарбаевтың «Сыған серенадасындағы» Шәмші бейнесі, Әкім Таразидың «Ақын періште махаббаттағы» Мұқағали бейнесі. Ерланның бірінші Алла Тағала берген таланты, артистизм, кәсіби шеберлігі, нағыз өнердегі тұлға. Сондықтан тұлға театрдан бөлініп ешқайда кетпейді, – деді  театрыдың жаңа директоры.

– Біздің театрдың тарихында бұндай болмаған нәрсе. Тұңғышбай да осындай абыройсыздыққа ұшырап қалып, қанша халық сөз айтты, қаншама реніштер болды, қаншама рет ақталды. Жалпы ақталу деген ол бейшаралық. Мынау екінші жағдай, мінекей. Ойымызда жоқ нәрсе, қолайсыз жағдай болды, – деді Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев.

Әкем театрдың жаңа басшысы Асхат Мақсымұлының әрбір қадамы көпшіліктің  назарында болмақ. Тұңғышбай Жаманқұлов пен Ерлан Біләлдің кебін кисе, жұрттың  «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» деп айтуы енді екіталай. Одан да, қара шаңырақты Мәмбетовтай мәртебеге көтеру ойы іске асса, қазақ өнерінің биікке самғауына сеп болмақ.

https://www.youtube.com/watch?time_continue=45&v=qZsvVMEvzd0

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x