Қазақстанның жаңа Бас мүфтиі сайланды

Dalanews 08 желт. 2017 06:19 200

Серікбай қажы Ораз Бас мүфти болып сайланды, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметі.

Бүгін Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандарының кезекті VIII құрылтайы өтті. Құрылтай жұмысына дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төралқа мүшелері, ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, еліміздің әр облысынан келген құрылтай делегаттары қатысты.

Құрылтайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2013-2017 жылдар аралығында атқарған іс-шараларының есебі тыңдалды.

ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти лауазымына наиб мүфти Серікбай қажы Ораздың кандидатурасын ұсынды.

– Құрметті құрылтай делегаттары, осыдан 5 жыл бұрын Бас мүфти қызметіне сайланғанымда бұл аманатты абыроймен атқарып шығуды Алладан сұрап едім. Сіздермен бірге көптеген ауқымды іс-шараларды атқардық. Бұл аманатты орынбасарым Серікбай қажы Оразға тапсыруға шешім қабылдадым. Ол 20 жылдан астам діни салада қызмет етіп келеді. Діни басқарма тарихында үш мүфтидің кезеңінде белсенділігімен көзге түсті. Оның идеясы мен іскерлігінің арқасында көптеген игі жобалар жүзеге асты. Серікбай қажы Ораз Бас мүфти қызметін жоғары деңгейде атқарады деген сенімдемін. Сіздер де бұл ойымды құптайсыздар деп ойлаймын, – деп атап өтті ол.

Құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Оразға дауыс беріп, бірауыздан Бас мүфти лауазымына сайлады.

Серікбай Сатыбалдыұлы құрылтай делегаты алдында діни салада аянбай қызмет етуге сенім білдірді.

 

Дереккөзі: sputniknews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x