БҚО-да бизнесті қолдау шаралары табысты іске асуда

Dalanews 02 там. 2017 04:24 266

Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингте «Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбына арналды. Оған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры Ербол Иденов қатысты. 

Б.Ибраимовтың сөзінше, күні бүгін облыстағы 48 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерінің 37 мың 800-і жұмыс істеп тұр. Ал экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі шағын және орта кәсіпкерлікте қызмет етеді. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 312 млрд теңге сомасына өнімдер шығарды. Кәсіпкерлікті жан-жақты дамытуды көздеген «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері облыста несие түріндегі және инфрақұрылым жеткізу түріндегі 713 жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, оның жалпы сомасы 85,6 млрд. теңге құраған.

Бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыру үшін ағымдағы жылы 1,6 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға - 1,4 млрд. теңге, кепілдеме беруге - 94 млн. теңге, гранттық қаржыландыруға - 47 млн. теңге қаралған.

2017 жылдың басынан бері БҚО Үйлестіру кеңесінің 17 отырысы өтіп, онда екінші деңгейлі банктер берген несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша жалпы құны 9 млрд. теңге құрайтын 79 жоба мақұлданды.

Бүгінгі таңда жас, өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер арасында – қайтарымсыз гранттық қаржыландыру үлкен сұранысқа ие. 2017 жылы 19 кәсіпкер жалпы құны 47 млн. теңге грантқа қол жеткізді (соның ішінде, 14 кәсіпкер ауылдан).

Индустрияландыру картасы аясында II бесжылдықта (2015-2019 жж) жалпы құны 83,4 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылуда, 1224 жаңа тұрақты жұмыс орыны ашылмақ. Солардың ішінен 2015-2016 жылдары жалпы құны 72,7 млрд. теңге құрайтын 12 жоба іске қосылды. 1800 жұмыс орны, оның ішінде 595 тұрақты жұмыс орындары ашылды.

2017 жылы кәсіпкерлікті қолдау Картасы шеңберінде құны 6,9 млрд. теңге болатын 6  жобаны іске қосу жоспарлануда. Ол жүзеге асқаннан кейін 558 жұмыс орыны ашылады (соның ішінде 416 жұмыс орыны тұрақты). Бұл жобаларға электрқалқандары жабдығы өндірісін ұйымдастыру («УралЭлектрик» ЖШС), Макаров кірпіш зауытының құрылысы, асфальтбетон зауытының құрылысы ( «Бірлік» ЖШС), құрғақ тағам өндіру цехы ( «Казкон» кондитерлік фабрикасы), жылына 6000 тонна құс етін өндіретін фабрика («Жайық Агро ЛТД» ЖШС) және макарон өндіру фабрикасының құрылысы («Желаевский комбинат хлебопродуктов» АҚ) еніп отыр.

Осы жобалардың ішінде 2 жоба: электрқалқандары жабдығы өндірісін ұйымдастыру («УралЭлектрик» ЖШС) және Макаров кірпіш зауытының құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Картадан тыс жалпы құны 9,1 млрд. теңге болатын,  550 жұмыс орыны ашылып, 2017 жылы іске қосылатын 6 жоба қолға алынды:

- есік-терезе өндірісі («СтеклоСервис» ЖШС);

- сэндвич-панель өндірісі («Агран» ЖШС);

- асфальт зауытының құрылысы («АдалАрна» ЖШС);

- аяқ-киім тігу фабрикасы («Асар» ЖШС);

- БАСК құрылыс көлік-логистикалық орталығы («Еуразиан Логистик» ЖШС);

-мал өнімін өңдеу цехы құрылысы («Кублей» ЖШС).

Сонымен қатар, 2018-2019 жылдары 491 жұмыс орны, оның ішінде 213 тұрақты жұмыс орны бар жалпы құны 3,7 млрд. теңгені құрайтын төрт жоба іске асырылады:

- керамикалық кірпіш зауыты («134» ЖШС);

- химиялық өндірістік база құрылысы («Топан» ЖШС);

- БҚО-да минералды ұнтақ, сұйық натрийлі шыны және пеношыны өндірісі зауытының құрылысы («Foamsil» ЖШС);

- шағын катерлер өндірісн жаңғырту және ұлғайту ( «НИИ «Гидроприбор» АҚ).

2017 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды қаржыландыру тәжірибесін одан әрі қарай жалғастыру жоспарлануда. Ол үшін облыстық бюджет пен аталмыш қордың әрқайсысынан 300 млн. теңгеден қаралады. Сондай-ақ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ екінші деңгейлі банктермен бірлесіп қаржыландыру үшін 700 млн. теңгеден қаржы бөледі.



«Сонымен бірге, мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы арқылы 8 жоба қолға алынды, соның ішінде 4 балабақша, 1 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүруде, Оралдағы №7 емхананы, №8 орта мектептің асханасын сенімгерлік басқаруға беру мәселесі шешілмек, - деді Б.Ибраимов.

Келесі спикер Е.Иденов халыққа шағын несие беру сұрақтарына кеңінен тоқталды. Мәселен, қалалық жерлерде осы мақсатқа 294,7 млн. теңге және кепілдеме беруге 36 млн. теңге қаржы жұмсау жоспарлануда. Өткен 2016 жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында субсидиялау бойынша жалпы құны 20,4 млрд. теңге құраған 111 келісімшарт жасалған. Биылғы жылдың алғашқы алты айында жалпы несие портфелі 8 млрд. 123,7 млн. теңге болатын 69 жоба бойынша сусбсидиялау келісмшартына қол қойылған. Жалпы, бағдарлама басталғалы бері несие портфелі 86,7 млрд. теңге болатын 603 жоба мақұлданды.

«Екінші деңгейлі банктерден несие алу барысында кепілдеме жетіспесе, кәсіпкер субсидиялау бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдемесін ала алады. Яғни, жұмыс істеп отырған кәсіпкердің банкке қойған кепілдемесінің құнынан екі есе артық мөлшерде несие алуына мүмкіндігі бар. Шаруасын енді бастаған кәсіпкерге біздің қор алатын несиесінің 85 пайызы көлемінде кепілдеме береді. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айында жалпы құны 490,8 млн. теңге құрайтын 24 кепілдеме бердік», - деп атап өтті Е.Иденов.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қаржысыз қолдау шаралары да табысты іске асырылуда. Мысалы, «Назарбаев Университеті» бизнестің жоғары мектебі (Астана қаласы) базасында қолға алынған «Шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту» жобасы шетелдік оқыту орталықтарын қатыстыру арқылы білім беруді көздейді. Оқыту тегін. Жоба басталған уақыттан бері облыстағы 64 кәсіпкер осы жерде оқыды.

Шалғай аудандардағы кәсіпкерлерге ақпараттық және кеңес беру бағытында  2013 жылдан бері Кәсіпкерлерді мобильді қолдау орталығы жұмыс істеп, арнайы жабдықталған автобус жүруде.

Қор 2016 жылдан бастап халықтың кәсіпкерлік салаға ынтасын оятуға, қабілетін қалыптастыруға қажетті Стартап-жобаларды қолдауға бағытталған «Жаңа бизнесті ашуға қолдау» жобасын қолға алды. 2016 жылы жоба аясында 86 кәсіпкер оқудан өтсе, 2017 жылдың алғашқы алты айында 43 кәсіпкер оқыды, олардың 17-сі Старт-ап жобасы арқылы оқыды.

2016 жыл ішінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы 4 мыңнан аса көмек-кеңес берілді. 2017 жылдың алғашқы алты айында ақыл-кеңес түріндегі қызмет саны 2734-ке жетті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x