Шымкент мұнай өңдеу зауыты Еуро-4 және Еуро-5 стандартындағы жанармай шығаруды бастады

Dalanews 03 шіл. 2017 05:16 280

Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесінде зауыттағы жанармай сапасы Еуро-4 және Еуро-5 экологиялық стандартына көшті.

Тарихи оқиғаға қатысты өткен салтанатты жиынға Қытай Халық Республикасының CNPC компаниясы Бас директоры  Биан  Дыжы  мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, зауыт жұмысына сәттілік тіледі.

– Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауында елімізді өз мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету керектігін баса айтқан болатын. Осы тапсырмаға сай  Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Қазірде аталған бағдарламаның аясында Қазақстанның үш ірі мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгін міне бірінші кезеңнің іске асуына куә болып отырмыз, – деді Жансейіт Түймебаев.



Жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңінде Шымкент мұнай өңдеу зауытында шикізатты ыдыстарға саңылаусыз құятын қондырғы іске қосылды.

Мамандардың айтуынша, бұдан былай ауа ластанбайды. Ең бастысы – зауыттағы жұмыстардың бәрі қауіпсіз іске асырылатын болады. Кәсіпорын мұндай мүмкіндікке «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында қол жеткізіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2 кезеңнен тұратын Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы «Үдемелі индустриалды инновациялық даму» бағдарламасы аясында 2011 жылы басталған болатын. Жобаның бас мердігері – Қытайлық СРЕСС компаниясы. Жобаны іске асыруға 30-да аса жергілікті мердігер компаниялар тартылған. Бүгінде зауыт акциясы «ҚазМұнайГаз-ӨМ» АҚ мен қытайлық «СNPC» компаниясына тиесілі.

Сондай-ақ зауытта жылына 4 мың тонна күкірт шығарылады. Құрылымдау жұмыстарының екінші кезеңі толық аяқталса, зауыт еліміздегі әлемдік талаптарға сай ірі кәсіпорынға айналатын болады.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x