Асанәлі Әшімов: "Тұқымымызда әртіс болмаған"

Dalanews 07 мам. 2017 02:38 198

Алматыда биыл 80 жылдығын атап өткелі отырған қазақ киносының ақсақалы Асанәлі Әшімовтің қатысуымен оның ғұмырнамасына арналып  түсірілген Бақыт Қайырбековтің "Шарайна шындық шебері" атты фильмі көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бақыт Қайырбеков аталған деректі фильмді осыдан 5 жыл бұрын түсірген. Фильм актердің 80 жылдық мерейтойына арналады. Асанәлі Әшімов режиссер жұмысына жоғары баға берді.

– Мен бүгін бұл фильмді бірінші рет көріп отырмын. Бақыт Қайырбеков қазақстандықтар арасында танылған адам. Оның бұл еңбегін жоғары бағалаймын, маған қатты ұнады. Мен бұл фильмді жақсы жұмыс деп есептеймін. Бақыттың өзіне де жұмыс қорытындысы ұнап отыр, – деді Әшімов.

Бақыт Қайырбековтің деректі фильмі халықтың сүйіктісіне айналған әртістің өмір жолына арналған. Онда шебердің белестерді бағындыру жолындағы қажырлы еңбегі көрсетілген. Шынымен де, Асанәлі Әшімовке бұл шыңнан көріну үшін қанша табандылық пен қайрат көрсету қажет болды. Өйткені, ол бұл жолды таңдарда оның ағайындары басында қарсылық та танытқан.
– Басында шешем диплом алып, оқу оқысаң болды деген. Сосын, мен өз таңдауымды жасап едім, туған ағам ондай кәсіпті естігісі де келмейтінін айтты. Ол мұны ұят деп есептейді екен. Тұқымымызда әртіс болмаған дейді. Кейін мен КСР Халық әртісі деген атақ алғанымда таңдауымның дұрыс болғанын айтып, мақтан тұтты, – деп еске алды мерейтой иесі.

Фильмде ақсақалдың өмірде орны толмас қазаларға душар болғаны да айтылады. Алдымен анасын, кейін жан жарын, сосын, бір жылда екі ұлын жер қойнына тапсырғанын өзі айтып береді.  Бірақ, бүгінгі жары мен қазір үшінші сыныпқа баратын ұлы өміріне нәр берген.

– Мен тұрмысқа кеш шықтым. Өзіме лайықты жар іздедім. Асанәлі менің тағдырым екенін түсіндім. Ол бізге ауруханаға түскенде мен оның көзінен ауыртпашылықты көрдім. Мұндай адам жыламауы керек деп ойладым. Ол маған өмірдегі ең басты сыйлық  ұлымды сыйлады, – деді актердің жары Бағдат Әшімова.

Бақыт Қайырбековтің фильмі мэтр туралы жалғыз еңбек қана емес, қазіргі уақытта «Қазақфильм» әртістің өмірі туралы түсіріп жатқан туындыны аяқтауға жақын. Ол фильм ЭКСПО аясында көрсетілмек. Халық әртісінің 80 жылдың мерейтойы Астанада аталып өтіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x