Көкірекбаев су тасу қаупі бар аудандарды тікұшақпен тексеріп шықты

Dalanews 10 сәу. 2017 05:46 303

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев су тасу қаупі бар аудандарды тікұшақпен әуеден тексеру жүргізді. Ұшу бағыты – Талас, Шу, Мойынқұм және Қордай аудандарының аумақтарын қамтыды.

Өңір басшысы Аса, Талас, Шу өзендері мен Ақкөл көлінің жағалауларын әуеден бақылап, көріп шықты. Кәрім Көкірекбаев, сондай-ақ, Талас ауданындағы Берікқара ауылдық округіне қарасты Тұрлыбай елді мекені мен Ақкөл-Үшарал даңғылы бойындағы Аса өзені үстіне салынған көпірдің жағдайымен де танысты. Бұған қоса, Шу және Қордай аудандарындағы «Радай» су реттеу құрылғысы мен «Тасөткел», «Ақсу», «Қақпатас» су қоймаларында тексеру жүзеге асырылатын болады.

Бірер күн бұрын Жамбыл ауданындағы Аса өзенінде су мөлшерінің көбеюінен «Дорожник» саяжайына алып баратын жол бойын су басты. Алайда тұрғындар мен үйлерге ешқандай қауіп төнген жоқ. Саяжай бағытындағы автокөліктер қозғалысы «Қаратау» бөлімшесі арқылы өтетін жол бойымен, ал жаяу жүргіншілер қатынасы Аса су жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Су деңгейін бақылау-қадағалау мақсатында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының 515-ші шақырымында жергілікті атқарушы органдар күшімен ұзындығы 1100 метрлік бөгетті бекемдеп, нығайту жұмыстары жүргізілуде. Жағалау бойының жағдайы мен су деңгейі жіті бақылауда.

Айта кету керек, үстіміздегі жылдың 28 наурызында облыс әкімі шұғыл штаб мәжілісін өткізіп, онда Тараз қаласы мен аудандар әкімдеріне, өңірдің мемлекеттік органдары мен апаттық-құтқару қызметтеріне тиісінше тапсырмалар берген болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x