Балақай, туған өлкеңді таны және сүй!

Dalanews 04 сәу. 2017 15:59 273

«Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында Жамбыл облысында «Туған өлкеңді таны және сүй!» атты балалар шығармашылығы байқауы өтуде.

Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен «Золотой караван» туристік орталығы» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқауға 10 мен 18 жас аралығындағы облысымыздың білім мекемелерінің оқушылары, соның ішінде интернаттық мекемелердің, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалар қатысуда.

Байқаудың басты мақсаты  оқушылардың туған өлке тарихымен таныстыру арқылы Отанға деген сүйіспеншілік пен қызығушылығын арттырып, баланың танымдық, интелектуалдық ой-өрісін дамыту.

Екі кезеңнен тұратын шығармашылық сайыс 2017 жылдың 15 наурызы мен 17 мамыр аралығын қамтиды. Бірінші кезеңде (15 наурызбен 28 сәуір аралығы) оқушылар көне шаһар Таразды арнайы кестеге сәйкес аралайды. Ал, екінші кезеңде (2-12 мамыр аралығы) «Көне Тараз тарихы» тақырыбымен шығармашылық жұмыс жазатын болады. Сонымен қатар, «Көне Тараз суреттері» тақырыбымен киелі Әулиеата өңірінің тарихи орындарын қағаз бетіне түсіреді. Түрлі жанрды қамтитын бұл кезеңде балаларға барынша еркіндік беріледі.

Балаларға шабыт сыйлап, таным көкжиегін кеңейтетін байқауда жеңіске жеткен жеңімпаздар арнайы мақтау қағаздарымен, дипломдармен марапатталады. Сондай-ақ, ең үздік жұмыс авторларына «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін аралауға жолдама берілетін болады.

 

Жамбыл облыс әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x