«Сал серінің сарқыты ол кешегі...» атты Ерлан Төлеутайдың шығармашылық кеші өтеді

Dalanews 03 сәу. 2017 05:12 343

9 сәуірде, сағат 17:00 де Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында әнші, композитор, өнертанушы, киногер Ерлан Төлеутайдың «Сал серінің сарқыты ол кешегі...» атты шығармашылық кеші өтеді.

Кештің басты мақсаты – ұлтымыздың ұлы музыкасын ұлықтау.

«Кеш сал серілік өнерге, солардың ұлы рухына арналады. Біржан сал бастаған ұлы сал-серілердің өмірі мен өнерін паш етемін. Олар сүйген сұлуларға, сал серілердің басынан өткен махаббат баяндарына, сүйініш-күйініштеріне, тағдыр трагедияларына тоқталамын. Жалпы алғанда, сал-серінің өнер ұлықтаймын. Көптеген əндер шығардым. Сол əндерім орындалады. Көбісі алғаш рет үлкен сахнада орындалмақ», - дейді сан қырлы талант иесі Ерлан Төлеутай.

Ерлан Төлеутай қазақ ақындарының көптеген өлеңдеріне ән шығарған. Әсіресе, әнші Мақпал Жүнісова орындайтын «Япырай» (сөзі Мұқағалидыкі) және әнші Меруерт Түсіпбаева айтатын «Сен және Мен» (сөзі Жанат Әскербекқызыныкі) әндерін әнсүйер қауым жылы қабылдады. Абайдың, Шәкәрімнің, Мұқағалидың, Жұматай Жақыпбаев, Еркеш Ибраһим, Қайырбек Асанов, Марфуға Айтхожина, Тұрсын Жұмаш, Жанат Әскербекқызы, Қайрат Асқаров, қырғыз ақыны Әкбар Рысқұловтың өлеңдеріне жазылған көптеген әндердің авторы. Композитордың көптеген әндері тұңғыш рет үлкен сахнаға жол тартқалы отыр.


Оқырманға таныстыра кететін болсақ, Төлеутаев Ерлан Мұқатайұлы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы Ортау ауылында дүниеге келген.(03.03.1968 ); Бір жасынан бастап, Байдалы би (бұрынғы Дружба совхозы) ауылында, нағашысы Орынбеков Шөкен мен Қалмағанбетқызы Бибігүлдің қолында тәрбиеленген.

Атасу орта мектебінде оқыған(1975-1985); Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін тамамдаған (1994); Е Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің жетекшісі болып қызмет істеген (1994-1998); ҚарМУ-дің археология-этнология және Қазақстан тарихы кафедрасында стажер-зерттеуші (1998); Қарағанды қаласындағы жастардың интеллектуальдық БОТА (білімпаздар, ойшылдар, тапқырлар, алғырлар) орталығын құрушы және оның тұңғыш төрағасы (1996-2001); «Алтын Орда» республикалық тәуелсіз газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып істеген (2001-2002); «Қазақстан–Қарағанды» телеарнасында редактор болып еңбек еткен (2003-2010); Республикалық «Алаш Орда» газетінің бас редакторы қызметін атқарған (2008-2009); Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «анимациялық кино» шығармашылық бірлестігінің бас редакторы (2010); Үйленген. Жұбайы Зейнеп – дәрігер. Тұңғышы Ләйлә – поляк, испан, ағылшын тілдерінің маманы. Ұлы – Алдияр 9 сынып оқушысы.
Өнер жолын Қарағанды мемлекеттік университетінің «Балауса» әдеби шығармашылық бірлестігінде әнші болып бастаған. 1990 жылы Ташкент қаласында өткен «Орта Азия және Қазақстан жастар фестивалінің» лауреаты (вокал номинациясы бойынша); 1993 жылы Алматы қаласында өткен 3-інші республикалық «Жігіттің сұлтаны» байқауының лауреаты атанған.

1998 жылы Астана қаласында өткен 1-інші халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. 2005 жылы өткен 1-інші республикалық Мәди атындағы әншілер байқауының дипломанты. Қатысатын әншілер: Еркін Шүкіманов, Меруерт Түсіпбаева, Ерлан Құжиманов, Сейіл Аяғанов, Роза Әлқожа, Дулат Ақанов, Евгений Шагаров. Ұйымдастыру алқасы: Досхан Жолжақсынов, Тоқтар Әубәкіров, Жарқын Шәкәрім, Болат Әбділман, Ахметбек Нұрсила, Дидар Амантай, Ғани Бейсембай, Рүстем Әбдіраш, Бейсен Құранбек, Батыржан Сейдомар.

Кештен қапы қалмаңыздар!

Дереккөз: qamshy.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x