Астанадағы 84 мектептің 7 ғана тұлғалар есімімен аталады

Dalanews 16 нау. 2017 00:46 190

Таяуда Астана қаласының төріндегі №10 мектеп-гимназияда өткен оқырманмен жүздесу көп ойларға тамызық тастады. Бір қуанғанымыз, азат ойлы жандар ұстаздардың арасында да көп екен. Жүздесу барысында жаңа кітап туралы ғана айтып қоймай, Алаш, Желтоқсан және Тәуелсіздік тақырыбында ашық пікірталас өткіздік.

Тарих пәнінен дәріс беретін бір ұстаз өз мектебіне Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру туралы ұсыныс жасағысы келетінін айтты. Мұндай ұтымды ұсыныстың ұлттық мінезді мектеп мұғалімінің жүрегінен шыққанын естіп, марқайып қалдық.

Тағы бір ұлтшыл мұғалім Алматыдағы М. Мақатаев атындағы мектептен ауысып келген оқушының жыр жампозының есімін зор мақтанышпен айтатынын мысалға келтірді. Қалалық білім басқармасының қызметкері, қайраткер-ұстаз Дайра Кайнемқызы бас қаладағы 84 мектептің жетеуі ғана ұлттық тұлғалар есімін иеленгенін мәлім етті.

Астанадағы көп мектептер №38, 56, 72 деген нөмірлермен аталатынына көзіміз жетті. Сананы отарсыздандыруды осы жерден бастаған жөн. Тарихи әділдікке жүгінсек, азаттығымыздың бастауында тұрған Алаш арыстарының есімдерін осы мектептерге неге бермейміз?

Жас ұрпақты тәуелсіз санамен өсіріп-тәрбиелейміз десек, осы істі бүгіннен бастап қолға алу қажет. Ұстаздар мектеп оқулығында там-тұмдап қана жазылған Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі тақырыбына ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ, «білім ұясында» оқып жүрген талантты, қабілетті оқушыларды ұлттық журналистикаға, әдебиетке баулу, талантты ұл-қыздардың бағын ашу туралы да тұшымды ойлар айтылды.

Алаш қайраткерлерін ардақтасақ, жас ұрпақтың ұлттық санасы қалыптасады. Ал өзінің ата тарихын білген елдің баласы саналы, өрелі, отаншыл, ұлтшыл болып өседі. Ендеше, бізде ұлттық мінезді, ұлттық рухты ұстаздар көбейе берсін!

 

Төлен Тілеубай, журналист.

(жазба автордың “Фейсбуктағы” парақшасынан алынды)

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x