Жаңа облыс әкімдері тағайындалды

Dalanews 14 нау. 2017 12:23 250

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин жұмыс сапарымен Ақтауға барып, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты.

Отырыс барысында Премьер-Министр Б. Сағынтаев мәслихат депутаттарына бағытталған, облыс әкімінің лауазымына Тоғжанов Ералы Лұқпанұлының кандидатурасын ұсыну туралы Мемлекет басшысының хатын оқып берді. Депутаттар Президент ұсынған кандидатураны бірауыздан қолдады. «Мемлекет басшысының Жарлығымен Е.Л.Тоғжанов Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды», – деп хабарлады Бақытжан Сағынтаев. Премьер-Министр Алик Айдарбаевқа жасаған жұмыстары үшін алғысын айтып, табыс тіледі. Б.Сағынтаев жаңа басшылыққа Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында қойылған тапсырмаларды жүзеге асыру және ірі реформаларды іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырмаларды айтты.

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков Солтүстік Қазақстан облысындағы  жұмыс сапары барысында облыс активімен кездесіп, өңірдің жаңа әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақаловты таныстырды.

Ақсақалов Құмар Іргебайұлы 1965 жылы Қостанай облысында туған. 1987 жылы  В.П.Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы өндірісінің инженерлері институтын тәмамдаған. Қостанай облысының Меңдіқара, Таран аудандарының әкімі болған. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2006-2010 жылдары Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, 2010-2015 жылдары «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшысы, партия хатшысы қызметтерін атқарған.

Мемлекет басшысы Мәлік Мырзалинді Ақмола облысының әкімі қызметіне тағайындады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі Твиттерде хабарлады.

Мәлік Мырзалин 1971 жылғы 31 қазанда Ақтөбе қаласында туған. 1996 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын бітірген.  2010 - 2011 жылдары ҚР Президенті Іс Басқармасының аппарат басшысы,  ҚР Дін істері агенттігінің жауапты хатшысы сынды жұмыстарды атқарған.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ерлан Қошановты Қарағанды облысының әкімі қызметіне тағайындады. Бұл туралы Ақорданың Туиттердегі парақшасында хабарланды. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар басым дауыспен Ерлан Қошановтың кандидатурасын қолдады. Жаңа өңір басшысы бүгінгі жиында активке таныстырылды. Ерлан Жақанұлы 1962 жылы Жезқазған облысындағы Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында туған. Жаңа әкім ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары, Үкіметтің Парламент Мәжілісіндегі өкілі, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, «Астана халықаралық әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы сынды қызметтерді атқарған.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x