«Қазпоштаның» мерейтойлық маркалары

Dalanews 13 шіл. 2016 14:23 341

«Қазпошта» акционерлік қоғамы атақты қазақ ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері – Әлихан Бөкейханов, Ыбырай Алтынсарин, Қайым Мұхамедхановтарға арналған «Естелік және мерейтойлық күндер» сериялы пошталық маркаларын айналымға енгізді.

Аталмыш пошталық маркалардың бір сериясы «Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл» деп аталады. Онда «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының ұйымдастырушысы және көшбасшысы, тұңғыш қазақ ұлттық Алашорда үкіметінің басшысы, ғалым, публицист Әлихан Бөкейханов бейнеленген. Марканың номиналы – 5 теңге. Таралымы – 2 500 000 дана.

Келесі серияның тақырыбы – «Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл». Онда қазақтың көрнекті ағартушысы, жаңашыл педагог, этнограф, ауыз әдебиетін жинақтаушы, ақын, прозашы, аудармашы Ыбырай Алтынсариннің суреті бар.

Ал маркалардың үшінші сериясы – «Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл». Онда Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғалым, ақын, жазушы, драматург, аудармашы, абайтану мен шәкәрімтанудың ғылыми негізін қалаушы, қоғам қайраткері  Қайым Мұхамедханов бейнеленген.

Әр пошталық марканың таралымы – 2 500 000 дана. Олар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Банкноттық фабрикасында басып шығарылған.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

 

Дереккөзі: "Астана ақшамы" газеті

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x