Қасымов: "Лаңкестер Сириядан басқарылған"

Dalanews 15 мау. 2016 00:08 167

Кеше ҚР Ішкі істер министрлігі Ақтөбедегі терактіге қатысты тың мәліметтерімен бөлісті. Олардың айтуынша, террористерді жетекшілері Сириядан отырып басқарған. Ал қару алып, көшеге шыққан содырлардың саны бастапқыда 45 адам болыпты. КТК  телеарнасының хабарлауынша, қырғынға қатысқандардың жасы 17-50 жастың арасында болған. Лаңкестер Ақтөбенің күлін көкке ұшыруды көздепті. Яғни, «сириялық имамның» уағызын тыңдап, жиһадқа шыққан радикалдар күш құрылымдары мен түрмелерді басып алып, мұнайлы  қаланы кішігірім халифатқа айналдыруды армандапты.

Бір мезетте отбасыларынан безіп, ұшты-күйлі жоғалған 45 содыр Ақтөбенің қақ ортасындағы пәтерге жиналып жиһадқа әзірленген. Жетекшілері туыстарымен сөйлесуге тыйым салып барлығына ұялы телефондарын сол жерге қалдыртыпты. Алайда күтпеген жерден  20 әсіредіншіл үйден шыға бере, «қасиетті соғысқа» қатысудан бас тартып, тайып тұрған.

Араларынан жік шыққан тағы үшеуі жолшыбай, ажалдан қорыққан тағы бірі қару-жарақ дүкеніне кірмей қаша жөнелген. Қалған 25-і ішке баса-көктеп кіріп, жолына кедергі болғандарға оқты қарша боратқан. Екі бірдей қару-жарақ дүкенін тонап, кейін автобуспен әскери бөлімге басып кірген радикалдар камераға түсіп қалғаны белгілі. Осы бақылау камерасының көмегімен қанды қылмыстың бетін ашқан полиция террористердің жиһад жасауға тапсырманы Сириядан алғанын айтып отыр.

– 45 адам пәтерде отырып Сириялық имамның аудиотаспаға жазылған үндеуін тыңдаған. Сол идеолог жиһадты дәл 5-ші маусым күні жасауды бұйырған. Уағыздан соң содырлар бірден «қасиетті соғысқа» шыққан, – дейді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Рамазан айында қасиетті соғысқа шыққандардың 18-нің көзі жойылып, 9-ы тірідей тұтқындалған. Қолға түскендердің 12-і бұған дейін адам өлтіріп, кісі тонап,түрмеге отырып шыққаны анықталған. Ішінде 2011-ші жылы Ақтөбедегі облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі жарылысқа қатысы бар деп танылып, 3  жыл жазасын өтеп шыққан жігіт те бар. 3 әскери мен 5 бейбіт тұрғынды жер жастандырып, елді дүрліктірген лаңкестермен тәртіп сақшылары тура 7 күн бойы атысты. Енді осы операция кезінде олқылық жіберген лауазымды шенділер де жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

– Өз ішімізде жиналыс өткізіп, кімдердің кемшілік жібергенін анықтаймыз. Ішкі істер министрлігінің кейбір құрылымдарына, соның ішінде патрульды полицияның қызметіне қатысты сұрақ көп. Оларға қандай шара қолданғанын алдағы уақытта айтамыз, – деді Қалмұханбет Қасымов.

Ақтөбені қанға бөктіріп, Қазақстанда халифат орнатқысы келетіндердің салафиттер екенін президенттің өзі мәлімдеген. Сақал қойып, балақ кескендердің жат ағымына енді заңмен тыйым салынбақ. Қазір елімізде осы теріс бағытты ұстанатын 15 мыңнан астам адам бар.

Мұнайлы қаланың берекесін қашырған лаңкестік бойынша, 25-тен астам қылмыстық іс қозғалған. Қазір тірідей қолға түскен радикалдармен қатар жиһад жасаудан бас тартқан олардың сыбайластары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілеріне жауап беріп жатыр. Ал арнайы операцияны Астанада отырып бақылаған Ішкі істер министрі ішкі көші-қон мен адамдарды үсті-үстіне тіркеп пәтерін жалға беретіндермен де күресті күшейтпек.

 

Ербол Сейілхан










Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x