Ақтөбедегі трагедия және туған күн

Dalanews 08 мау. 2016 16:29 257

Мәжіліс депутаттары Ақтөбедегі жағдайды естімеген немесе естісе де, трагедиялық оқиғаларды еш сезінбеген сияқты. Өйткені, олар пленарлық отырысты туған күн иелерін құттықтаудан бастады. Теракт мәселесі күн тәртібінде айтылған жоқ, бір минут үнсіздік болмағанын 31 арна журналистері алға тартты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Жұмысымызды бастау үшін қажетті кворум бар. Мәжілістің жалпы отырысын ашық деп жариялаймын. Құрметті әріптестер! 6 маусымда депутат Қарекен Құралай Әнуарқызының туған күні болды!», – деп ел қара жамылып отырғанда туған күн иесін құттықтаудан бастаған.

Ақтөбедегі жағдай туралы тіс жармай, 1 минут үнсіздікті қимаған депутаттар отырыс барысын жантүршігерлік оқиға жайында ләм-лим деп ауыз ашпаған. Олар туған күндерімен құттықтап, мәре-сәре болған соң күн тәртібі бойынша жұмыстарын бастап кетті. 2015 жылғы бюджеттің атқарылуы мәселесі қаралып біткен соң үкімет өкілдері мен депутаттардың пікірін 31 арна тілшілері дәлізде ғана білген.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан:

–  Жалпы мұндай жерде мемлекет тарапынан мұндай тентек, қанқұйлы, терроршыларға қатты жаза керек деп ойлаймын, – деді. Дін атын жамылғандардың қаскөйлігін сынаған Бекболат Тілеуханнан отырыста Ақтөбедегі жағдайдың елеусіз қалғаны жайлы да сауал қойылған.

– Бүгін мәжілісте құттықтаумен басталды. Бірақ Ақтөбе жайлы 1 ауыз айтылған жоқ...

– Енді қоғам бұған тиісті реакция беріп жатқанын көріп отырсыздар ғой, – деген.

Ал депутат Мәулен Әшімбаев барлық әріптестері жекелей көңіл айтып жатыр деп ақталды. Содан соң, 2011 жылы елді дүрліктірген облыста лаңкестіктің қайталануы жаңа шаралар қабылдауға итермелейтінін алға тартқан.

–  Таяу Шығыстан контртеррористік операцияның негізінде біраз террористік топтардың өкілдері кетіп жатыр. Олар басқа елдерде өздерінің қылмыстық әрекеттерін ауыстыруға әрекеттенуде. Осыған байланысты біз осы саладағы заңдарды тағы да бір сараптаймыз деген жоспарымыз бар, – деді Мәулен Әшімбаев.

Депутат айтқан заң 2011 жылғы бірнеше терактіден соң қолға алынған болатын. Сол кездегі өзгертулер негізінде діни бірлестіктерді реттеу жүзеге асырылған болатын. Сондай-ақ, күштік құрылымдардың лаңкестікпен күресу құзыреті де кеңейтілген-ді. Алайда теолог Досай Кенжетай ең алдымен идеологиялық тұрғыдан алдын алып, жат ағымдарға шектеу қою керек екенін алға тартуда.

– Сәлафизм, вахабизмнің түбіне құқықтық тұрғыдан балта шабу керек. Бірінші мына жерде жүре алмайтындығын егер санасына сіңсе олардың, тыйым салынған болса, психологиялық тұрғыдан аптығы басылады. Қалғанын өзі реттеп алады қазақ, – дейді  Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессоры Досай Кенжетай. Ғалым мұндай батыл қадамдарға бармасақ, Ақтөбедегі жағдай жалғасын табуы мүмкін деп пайымдайды. Және сырттағы лаңкестік ұйымдардың әсері аз деп есептейді. Өйткені, осыдан 10-15 жыл бұрын Қазақстанға енген жат ағымдар, қазір өзіндік тұжырымдамасы бар күшке айналып үлгерген.

 

Бақытнұр Әлібай, Бауыржан Нарымбетов






Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x