Сапарбаев "қытайларды қаптатпайтынын" айтты

Dalanews 20 мам. 2016 05:29 282

Ақтөбелік белсенділер Қытай тарапынан сезілетін әлеуметтік теңсіздікке алаңдаулы. Бердібек Сапарбаев ақтөбелік белсенділермен ашық кездесу өткізді. Ел мәселесі, жер мәселесіне алаңдаған жиында қытай мен қазақ жұмысшылары арасындағы әлеуметтік теңсіздік те айтылды.


Бұл туралы NUR.KZ -ке сілтеме жасап, dalanews.kz сайты хабарлайды.

«Кешегі шыққан митингте көпшілік Қытай мәселесін көтерді. Біз мойындауымыз керек. Облыс көлемінде Қытай тарапынан әлеуметтік теңсіздік бар. Қытай шын мәнінде абсолютті билікке ие болып келе жатыр. Экономиканың 60-70 пайызы солардың қолында десек, артық айтқандық емес. Бұл Ақтөбе төңірегінде. Егер экономиканың тетігі кімнің қолында болса, билік те, сөз де, ықпал да соның қолына көшуі әбден мүмкін. Біз Қытайдан келгендер мен жергілікті жұмысшылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікке назар аударуымыз керек», - дейді Нұрлыбай Қошаманұлы.

Өңірдегі шетел азаматтарының санаулы екенін айтқан облыс басшысы жағдайдың бақылауда ұстап отырғанына сендірді.

«Мен біздің облыста қанша шетел азамат жұмыс істейді дегенді талдадым. Жалпы облыста жұмыс істейтін адамдардың саны 430 мыңға жуық. Соның ішінде рұқсат берілген 1 400 шетелдік азамат болу керек. Қазіргі жұмыс жасап жатқан шетелдің адамдары - 1 100. Оның ішінде 70-80 қытай бар. Мен барлық Қытай компаниясының басшыларына: «Егер қысқарту болса, бірінші Қытай азаматы қысқару керек. Қытайды жібересіңдер ана жаққа деп айтып отырмын», - деді облыс әкімі.

Бердібек Машбекұлы ел экономикасының тізгіні шетелдіктерге берілмейтінін басып айтты.

«Ешқашан, мемлекет басшысы, біз тірі тұрған кезде, жұмыс істеп жатқан кезде, біз билікті, әсіресе, экономиканы шетелге бермейміз. Біз де Қазақстанның азаматымыз. Өткен сенбі күні Жаңажолда болдым, сол жерде қондым. Шынын айтқанда ол жерде қазақтардың тұрып жатқан жері қытайлардан жақсы, екі адамнан тұрады. Қытайлар 4-5 адамнан тұрып үйреніп қалған. Жұмысшылармен сөйлестім, жағдайларын сұрадым. Ол жерде тек бір мәселе бар, ол - мамандар. Мамандар бізде болмағанан кейін сондай жалақы төленеді. Ол мемлекет арасындағы келісімге сәйкес. Ал жұмысшылар арасында айырмашылық жоқ. «Қытай қаптап кетті» деп айтады. Біз енді ай қарап отырған жоқпыз. Екіншіден мемлекетіміздің заңы бар. Әрбір келетін қытай, өзбек, орыс бола ма оған рұқсат беріледі. Кейінгі кезде қарапайым жұмысшы әкелмеу жөнінде талап қойылып отыр» ,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x