Алматының Алатау және Жетісу аудандарында бірқатар үйді су басты

Dalanews 30 сәу. 2016 11:25 360

Алматының Алатау және Жетісу аудандарында бірқатар үйді су басты. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен хабарлады.

Ведомство ақпаратына қарағанда, Алатау ауданы Алғабас шағын ауданының Бейбітшілік, Желтоқсан және Ақсай көшелері бойынша 27 тұрғын үй мен 27 аулаға су кірген. Ал Жетісу ауданында Есентай өзенінің арнасынан асуы салдарынан Летняя мен Ұйғыр көшелері бойындағы 37 жеке тұрғын үй мен 27 ауланы су басқан.

Қазіргі уақытта азаматтық қорғаныс қызметінің мамандары мен техникалары жеке тұрғын үй аумақтарынан суды сору, өзен арналарын биіктету жұмыстарын жүргізіп, су тасқыны қаупі бар учаскелердегі халықты құлақтандыру жұмыстарын жүргізуде. Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындар Алатау ауданында №185 мектепке, ал Жетісу ауданында №87 мектепке орналастырылды.

Жаңбыр су салдарын жоюға 382 маман мен 80 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар азаматтық қорғаныстың көлік қызметі төтенше жағдай аумағынан халықты қауіпсіз жерге көшіру үшін 1 мың автобус дайындап қойды.

Айта кетерлігі, «Қазгидромет» ұсынған мәліметтерге сәйкес, өткен тәуілкте қала аумағына 55 мм. Жабыр жауған, бұл орташа айлық нормадан тыс. Ауа райы болжамына қарағанда, 12 сағаттан кейін тағы да жаңбыр жауады.

 

Дереккөзі: ҚазАқпарат

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x