Дәстүрлі "Таңжарық оқулары" өтеді

Dalanews 18 сәу. 2016 08:36 317





2016 жылдың 19 сәуірінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Алматы қаласындағы ЖОО студенттері арасында «Осы таң кімнің таңы?» атты дәстүрлі "Таңжарық оқулары" өтеді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткізілетін шара Алаш ұранды әдебиеттің белді өкілі, ұлт қайраткері, ақын-ағартушы Таңжарық Жолдыұлының өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа кең көлемде насихаттауды мақсат етеді.

Таңжарық Жолдыұлы – Алаш идеясын қытайдағы қазақтарға насихаттап, халықты оятқан қайраткер тұлға. 1934-1935жж Құлжада алғаш қазақ газетін шығарып редакторы болды. Тұңғыш қазақ театрын ашып «Шұғаның белгісі» қойылымын қойып, өзі басты рөлді ойнады. Мектептер ашып, ағарту ісін жандандырды. Ұлтты оятқан іс-әрекеті мен шығармалары билеушілерге ұнамай екі мәрте түрмеге қамалды. Адам айтқысыз азаптауды көрсе де мойымай өр рухты өлең, толғау, дастан, әндер жазды. Дені бүгінгі ұрпаққа жетті. Ақын шығармалары арқылы өткен ғасырдағы қытайдағы қазақтардың саяси-әлеуметтік өмірі, қиын-қыстауға толы тауқыметті тарихы, мәдениеті мен өнері туралы біршама құнды мағұлмат алуға болады. Ақынның өмірі мен еңбектері жайлы көптеген зерттеушілердің жақсы пікірлері бар.

Ұлт қайраткерінің өнегелі өмірі мен шабытты шығармашылығын кең көлемде насихаттау мақсатында «Халықаралық Таңжарық зерттеу қоғамдық қоры» құрылды. Жастар арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін кезекті Таңжарық оқуларында аталған қордың тұсауы кесіледі. Ақын өмірі мен еңбектері төңірегінде студенттердің көзқарасы пен пікірі тыңдалады. Жастар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, сұраққа жауап беру арқылы сынға түсіп бақ сынайды. Игі шараға есімі елге белгілі әдебиетші, зерттеуші, ақын, жазушы, журналистер және оқытушы, студенттер қатысады. Танымал әншілер Таңжарық әндері мен толғауларын орындайды.

Таңжарық туралы тұлғалар пікірі

Таңжарық өлеңдерінде Қытай қазақтарының мінез-құлқы, тұрмыс-салты, барлық болмыс-бітімі ап-анық тұр. Таңжарықты оқығаннан кейін Қытай қазақтары қандай екен деп Іле бойлап Құлжаға, Алтай асып, Тарбағатайға бару шарт емес. Бәрі өзіміз, бәз-баяғы қалпымыз. Өмір тіршілігі, мінездегі ұлттық ерекшелігіміз де қаз-қалпында. Таңжарық бейуақтың бейбақ бұлбұлы тәрізді. Қанша нажағайдай жарқылдағанымен, ол түнгі нажағай еді. Шіркін, Тәкең – жалған дүниеден таңы атпай өткен, арманда кеткен Таңжарық болды.

Зейнолла ҚАБДОЛОВ


Ақын лирика, толғау, мысал өлеңдер, дастан, өлең роман, қисса, айтыс өлеңдерден халқына отыз мың жолдай мұра қалдырған. Осы туындылары арқылы ол Абайдың, Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандардың Қытайдағы қазақ бауырлар арасынан көктеген рухани жалғасы, салалы бұтағы екендігін танытты. Қытайдағы қазақтардың жазба әдебиетінің негізін қаласып, көш бастаған аймүйіз серкесі болды. Әлеуметтік, қоғамдық, өзге де өнегелі жұмыстарының нәтижесінде олардың бүгінгі дамыған баспасөзінің, оқу-ағартуының да негізін қаласты. Таңжарық ақын, қоғам қайраткері ғана емес, әнші, композитор, халықтың сал-серілік дәстүрін жалғастырушы.

 Қалдарбек НАЙМАНБАЕВ


Қазақ әдебиеті деп аталатын мәуелі бәйтеректің сәнді де ерен бұтақтары Қытай мемлекетінде, ұлттың рухы мен дәстүрін сақтаған ақын-жазушылар ғой. Олардың ішінде Таңжарықтың орны алабөтен. Күнестегі ескерткішіне гүл шоғын қойып, шәжда қылғанда Таңжарықтың азаматтық санасы, халықтың жаны, ешуақытта көнермейтін ақындығы ат басын еріксіз бұрғызған еді. Мұндай рухани күшке ие болған дарын ешқашан қазақ жадынан ұмытылмайды.

 Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ


Таңжарықты бастан-аяқ түгел оқыған адам оның қазақ поэзиясына құйып жатқан ұлы арналардың бірі екеніне еш шүбә келтірмейді. Таңжарық түрме туралы жырларында тек өз қасіретін ғана айтып қоймай, өзімен тағдыр-талайы бір Ахмет пен Міржақыптың, Мағжан мен Ілиястың, Сәкен мен Бейімбеттің де сыртқа шығара алмай кеткен кекті ашуын қоса жырлағандай әсер қалдырады.

 Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ


Ұлт үшін, ұрпақ үшін өмір сүріп, өлең жазған таңғажайып тағдырлы Таңжарық ақын құрметтің қандайына да лайық екені дәлелді керек етпейтіні ақиқат. Ал ақиқатты құрметтеу, ақиқатты бағалау – ұлттың өзін-өзі тануы мен өзін-өзі бағалауының жарқын көрінісі екені даусыз.

 Нұрлан ОРАЗАЛИН


 








Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x