Париждегі Халықаралық сауда палатасы жанындағы Халықаралық төрелік соты Алматы – Қорғас жолын салу ісі бойынша Қазақстанның пайдасына сай оң шешім шығарды. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрлігі хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.
"2020 жылғы 15 мамырдағы "Todini Impregilo Kazakhdorstroy" бірлескен кәсіпорын шеңберінде жұмыс істейтін Todini Costruzioni Generali S.p.A., WeBuild S.p.A. және "Казахдорстрой" ЖШС компанияларынан тұратын бірлескен кәсіпорын Халықаралық сауда палатасы (ICC) жанындағы Халықаралық төрелік сотқа жүгініп, Қазақстан Республикасындағы Алматы – Қорғас автожолын салу жобасы бойынша дауларға байланысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қарсы төрелікпен арызданды", делінген хабарламада.
Істі қарау шеңберінде шетелдік компания Автомобиль жолдары комитеті үстінен құрылыс мерзімдерін ұзартуға, кедендік баждар мен салықтарды төлеуге, теңгенің инфляциясына, құнының өзгеруіне, су өткізгіш трубаларды қайта толтыруға, жол пайдалану пунктінің құрылысын тоқтатуға және қаржылық шығындарға байланысты шығыстарды қоса алғанда, жалпы сомасы шамамен 50 миллион АҚШ доллары көлемінде шағым түсірді.
2025 жылғы 14 сәуірде Париждегі ICC Халықаралық төрелік сотында құрылған трибунал Автомобиль жолдары комитеті пайдасына түпкілікті шешім шығарды. Шетелдік компанияның барлық талаптары толығымен қабылданбады.
Сонымен қатар, трибунал қазақстандық Автомобиль жолдары комитетінің қарсы талабын қанағаттандырып, шетелдік компанияға жұмыс мерзімін ұзартқаны үшін өтемақы ретінде бұрын төленген соманы қайтаруға міндеттеді.
"Осы істі Автомобиль жолдары комитетінің өкілдігі мен мүдделерін қорғауды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі жүзеге асырды. Консультант ретінде Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle LLP халықаралық заң фирмасы тартылды", делінген хабарламада.