Freedom Inside '26

Әлем чемпионы Теміртас Жүсіповқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Әлем чемпионы Теміртас Жүсіповқа қатысты қылмыстық іс қозғалды
Ашық дереккөз.

Қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Теміртас Жүсіповқа қатысты жұбайын ұрып-соқты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде спортшының жұбайының әпкесі Теміртас Жүсіпов әйелін аяусыз соққыға жыққанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жәбірленуші ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Медициналық құжаттарда тұншығу белгілері, басындағы ашық жарақат, ми ісінуі және құрысу тіркелгені айтылған. Сондай-ақ ол күдікті ұсталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң босатылғанын және кейін әйеліне қысым көрсеткенін мәлімдеді.  

Кейін Теміртас Жүсіпов Turar Media-ға берген сұхбатында жанжал кезінде жұбайына қол көтергенін растады. Алайда оның айтуынша, жанжал әйелінің өзіне күш қолдануынан басталған. Спортшы екі рет шапалақпен ұрғанын, кейін әйелі өзін тепкілеп, кілтпен көзін шығармақ болғанын және қайшымен шабуыл жасауға әрекеттенгенін айтты.  

Ақмола облысы полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  

Сонымен қатар Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тергеу аяқталғанға дейін қандай да бір қорытынды жасауға ерте екенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, барлық мән-жай құқық қорғау органдарының тексеруінен кейін белгілі болады.