Елорда күні қарсаңында Астанада «Мерекелік саябақ» қалалық фестивалі басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мерекенің алғашқы алаңы ретінде Өнер музейі таңдалды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына Ашық есік күні, шеберлік сағаттары және Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени бағдарлама ұсынылды.

Қонақтар қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен танысып, олардың тарихы, жасалу ерекшеліктері мен үніндегі қасиеттері туралы мәлімет алды.
Ұйымдастырушылар киіз үй мен домбыра жасаудан, жетіген, сазсырнай және өзге де ұлттық аспаптарда ойнауды үйрететін шеберлік сағаттарын өткізді. Сонымен қатар ұлттық ойындар, флешмоб және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Өнер музейінің басшысы Баянды Сахарияұлының айтуынша, іс-шараның мақсаты – елорда тұрғындары мен қонақтарын ұлттық музыкалық аспаптармен таныстырып, дәстүрлі мұраны заманауи форматта насихаттау.
«Біздің музей музыкалық аспаптарды жасау және қалпына келтірумен айналысады. Музей жанында этнограф Болат Сарыбаев атындағы ғылыми-зерттеу зертхана-шеберханасы жұмыс істейді. Онда ғалым-этнографтардың еңбектеріне сүйене отырып, ұмыт қалған көне аспаптарды қайта жаңғыртамыз. Бүгін сол аспаптарды көпшілікке ұсынып, шеберлік сағаттарын өткізіп, шеберлердің жұмыс тәсілдерін көрсеттік.
Домбыраға ерекше назар аудардық. Мұнда қазақтың көрнекті тұлғалары пайдаланған аспаптардың дәл көшірмелерін көруге болады. Ол үшін музей қорындағы үлгілерді, фотосуреттерді, өлшемдерді зерттейміз, сондай-ақ аспап иелерінің ұрпақтарында сақталған мәліметтер мен материалдарға жүгінеміз. Біздің мақсатымыз – ұлттық болмысты заманауи форматта жеткізіп, бұл мұраны бүгінгі тыңдарманға түсінікті әрі қызықты ету», – деді ол.

Мерекелік бағдарламаның қонақтарының бірі – Қазақстанға алғаш рет келген Италия азаматы Даниэль болды. Оның айтуынша, ол бір күн бұрын Өнер музейіне келіп, алдағы іс-шара туралы біліп, қайта оралуды жөн көрген.
«Маған музыка мен музыкалық аспаптар өте қызық. Қазақстандық музыкант достарым бар, сондықтан қазақ музыкасын бұрыннан естіп жүрмін. Кеше музейге келіп, бүгін мұнда осындай іс-шара өтетінін білдім де, қайта келдім. Маған концертті тыңдап қана қоймай, аспаптарды жақыннан көріп, олардың қалай жасалғанын және қандай материалдардан дайындалғанын білу мүмкіндігі ұнады. Батыс музыканттары үшін бұл аспаптардың көбі беймәлім, сондықтан бұл мен үшін өте құнды тәжірибе болды», – деді шетелдік қонақ.

Фестивальдің негізгі бағдарламасы 5 және 6 шілде күндері Астананың Орталық саябағында жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық нақыш пен заманауи өнерді ұштастырған арт-нысандар галереясы, стрит-арт аймағы, балаларға арналған интерактивті алаңдар, экологиялық ойындар, қолөнер және шығармашылық шеберлік сағаттары ұсынылады.
Сонымен қатар фестиваль аясында қазақстандық анимациялық фильмдер көрсетіліп, аниматорлар мен ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен ойын-сауық бағдарламалары, отбасылық крафт-ойындар, спорттық және командалық белсенділіктер, шығармашылық алаңдар мен ашық аспан астындағы музыкалық концерттер ұйымдастырылады.