Қандастардан депутат шықсын деген сөз...

Dalanews 20 қаң. 2016 02:22 238

Мәжіліс тарап, қайта жасақталады дегелі «ендігі құрамда шетелден келген қандастарымыз да болуы керек» деген пікірлер көтеріліп жатыр. Қандай қажеттіліктен болуы мүмкін деп ойлайсыз?

Кейбір пікірлер Парламентте шеттен келген қазақ отырса шеттегі ағайынның жағдайын жете біліп, Тәуелсіздіктен кейінгі көштің екінші толқыны сәтті жүрілуіне септігі тиеді дегенге саяды. Мұны теріс демеймін, бірақ негізгісі ол емес. Сол шеттен келген ағайындарды осында әкелуге заң жасап, белгілі жүйе қойып, мұнда келуіне себеп болған осындағы, Атажұрттағы азаматтар емес пе?! Сондықтан «шеттен келген ағайынның жағдайын шеттен келген ағайын түсінеді, проблемасын шешеді» дегендей жаңсақ түсінік болмауы керек. Ал, қолында билігі болмаса да, Қазақстан Республикасының бір азаматы ретінде көші-қон мәселесіне атсалысып жүрген шетелден келген азамматтар аз емес. Ол және заңды да. Бұл тіпті ұлтқа қызмет қылуға әркімнің қолында билік болуы шарт емес екенін де түсіндіреді.
Көрмеген жердің ойлы-шұңқыры көп дегендей, осында келмеген, келгісі келетін қазақтың көкейінде «Барғанда қалай болар екен? Бізден бұрын барғандар не істеп жүр?» дегендей сауалдар туындайтыны заңдылық қой, сонда ол сауалға ең бірінші жауап беретін өздерінен бұрын осында келген ағайындарының әлеуметтік жағдайы, яғни, саяси, экономикалық, руханият салаларындағы орыны.

Парламентте шеттен келген азаматтардың отыруы (егер ол шынымен ұлтқа жанашыр, білікті, іскер болса) жалпы қазаққа пайдалы іс болар еді. Парламент қана емес, қандастардың қайбір салаға болсын қызметке кірісуі екі қазақтың бір-біріне сіңісуі деген сөз. Бұдан тек қана пайда бар. Шеттен келген қазақтың осы жақта абыройлы іс атқарып, биік сахналар мен мінберлерде жүргені – сырттағы ағайынның атажұртқа ағылуына қамшы болатынын көзімізбен көріп жүрген шындық. Көрмеген жердің ойлы-шұңқыры көп дегендей, осында келмеген, келгісі келетін қазақтың көкейінде «Барғанда қалай болар екен? Бізден бұрын барғандар не істеп жүр?» дегендей сауалдар туындайтыны заңдылық қой, сонда ол сауалға ең бірінші жауап беретін өздерінен бұрын осында келген ағайындарының әлеуметтік жағдайы, яғни, саяси, экономикалық, руханият салаларындағы орыны. Құдайға шүкір, шеттен келген қазақтар рухани, экономика салаларында өз үлестерін қосып келеді, саяси жағынан да саяқ жүр дей алмаймыз. Десе де, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қадам басқан осы бір айрықша атаулы сәтте сырттан келген ағайындарымыз да парламенттегі қасқа-жайсаң, халық қалаулыларымен тізе қоса отырып, ұлтқа, мемлекетке қызмет істесе, тіптен жақсы болар еді. Бұл бір жағынан Елбасының қолынан ең алғашқы азаматтықты алған Халифа Алтай атамыздан бергі атажұртты қоныс қылған ағайындар мен сырттағы бес миллион қазаққа сенім мен құрмет, серпін мен міндет болар еді. Және бүгінгі күннің қажеті де.

Ұларбек Нұрғалымұлы, ақын


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x