Қалталылардың қарызын кім төлейді?

Dalanews 30 мам. 2015 05:22 303

Қазақстанның банк секторындағы бас аурудың бірі –  «жұмыс істемейтін» заемдар. Яғни, қайтарылмайтын немесе үмітсіз несиелер проблемасы қаржы секторының қадам басуына көп кедергі. Соның салдарынан екінші деңгейлі банктер біраз қаражаттан қағылып отыр.

Үкімет елдегі банктердің экономиканы толыққанды қаржыландырудағы қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін банк секторын одан әрі сауықтыру үшін бірнеше жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Мәселен, билік банктерге салық жағынан сан алуан жеңілдіктер бере отырып, әлгіндей үмітсіз несиелердің біразын сызып тастауға ыңғай танытқан болатын. Экономика министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, заем ретінде берілген қайтарылуы үмітсіз қаржының біршама бөлігі «ұмыт болады». Бұл қандай һәм кімдердің қарызы? Ең ақыры сонау жылдары әліне қарамай несие алып, кейін бармақ тістеген қарапайым халық бұдан ұта ма?

Сөздің шыны керек, бүгінде банктік қаражатты бей-берекет иеленіп, несиеге белшесінен батқан, сосын қазір бар тапқан таянғанын қарыздан құтылуға сарп етіп жүрген қазақстандықтар аз емес. Біреуі баспаналы боламын деп кредитке кірсе, екіншісі тұрмыстық техниканың түр-түрін қарызға алуды әдетке айнылдырған. Автокөлік үшін, бизнес үшін дегендерді былай қойыңыз, той-томалаққа несие алғандардың қатары қаншама? Міне, осындай тұтыну несиелерінің көлемі 2 триллион 200 миллиард теңге болған. Қазақстанда тұтынушы несиелерінің беру көрсеткіші 700 миллиардқа өскен. Осылайша, ел азаматтарының банктер алдындағы қарызы 2 триллион теңгеден асыпты. Мұның барлығы банкке қайта оралатынына да сенім аз. Күні кеше ғана экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев екінші деңгейлі банктердің есебіндегі «жұмыс істемейтін» заемдардың, яғни қайтарудан үмітсіз несиелерді сызып тастауға жағдай жасайтынын мәлімдеді. Әрине, Үкіметтің өзі банктен сұрап отырып, барлық қарыздарды есептен шығарта алмайды. Бұл үшін банктерге салық жағынан біршама жеңілдік беру арқылы біраз шығындарды жаптырып тастауға мүмкіндік берілген.

Әрине, заемдар туралы айтқан кезде қарапайым тұтынушының той-томалақ үшін алған несиелерінен бөлек сан алуан ірі жобаларға бөлінген қаражатты да ұмытпау қажет. Ендеше, дәл осындай «құмға сіңген» қарыздың қарапайым халыққа берілген несиелерден (2 трлн. 200 млрд. теңге) бірнеше есеге артық болғаны қатты қынжылтады. Осыншама қаржыны сызып тастап отырғанда, әупірімдеп жүріп несиеге баспана алған, кейіннен жолы болмай банктегі кепілде тұрған жалғыз баспанасынан айырылуға дейін барған қатардағы қарапайым жұртшылықтың мәселесі бірінші кезекте қаралмай ма? Жұмысынан айырылып, күнкөрісінің нашарлауынан несие төлемегендерді далада қалдырып, миллиардтарды түгімен жұтқандардың қарызын сызып тастау әділетсіз көрінеді, бізге. Ендеше осының өзі банктердегі үмітсіз саналатын қыруар қарыздарды сызып тастау науқанның қарапайым халық үшін емес, несиені миллиардтап матап отырған қалталылар үшін жасалатындай. Үкімет банкке жағдай жасады. Ал банк кімді кешіріп, кімді кешірмеуді өзі шешеді.

Ануар Айтулеп

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
ТЕЛЕ2 - БАСТЫҚ1
22 сәу. 2024 18:05
x