Ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы эфирге оралды

Dalanews 21 қаз. 2017 05:25 329

Қазақ телевидениесіне еңбегі сіңген ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлы «Еуразия» бірінші арнасымен бірігіп, «Заң сөйлесін!» деп аталатын жобаны қолға алды. Жобаның мақсаты – халыққа заң ережелерін түсіндіру, заңға сай қандай құқықтары мен мүмкіндіктері бар екенін ұғындыру, белгілі бір даулы мәселелерден заң шеңберінде қалай шығуға болатынын көрсету. Себебі заңды түбірінен білмейтін адам қоғамда белгілі бір жайттарға тап болғанда, өзіне сенімсіздік танытып, қарсы тарапқа өзін жығып береді, жеңіліп бара жатқанын сезсе, «ақша ұстатып», жемқорлыққа сүрлеу салады.

«Менің телевизияда 44 жыл жүргенде түйгенім – біз бәрін білеміз. Бірақ заңмен таныс емеспіз. Кез келген тәуелсіз Қазақ елінің азаматы өзінің заңмен таныс болмаса, түптің түбінде заң онымен танысатынын естен шығармаса деп ойлаймын. «Заң және заман» (ред.еск. – бағдарламаны) деп те атауға болар еді. Бірақ, қалай болғанда да біз ендігі жерде өзімізден бұрын тәртіпке, әділетке жүгінудің жалғыз жолы – заңды сөйлету. Заң сөйлесе – кез келген көрерменге көмек болады ғой деген сеніміміз бар. Өкінішке орай, қазіргі қазақ телевизиясында мұндай жанр көп емес. Қазір не көп – шоу көп, концерттік бағдарламалар көп. Ал елге көмек болатындай, елмен ақылдасатындай, болып жатқан жаңалықтарға үніңді қосатындай публицистикалық суреттемелер, очерктердің азаюы қынжылтады. Ал бұл жоба осындай олқылықтардың орнын толтыратындай дүние болатындай көрінеді маған», - дейді жоба жүргізушісі Нұртілеу Иманғалиұлы.

Қазақ тіліндегі жаңа телеөнім сюжеттер мен арнайы репортаждарға құрылып, журналистер қоғамда орын алып жатқан іс жүзіндегі келеңсіздіктерді ашып көрсетеді. Мұнымен қатар, «Заңгер кеңесі» айдарында кез келген қазақстандық заң саласындағы өзін қызықтырған көкейкесті сұрақтарға жауап ала алады.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x