Президент өткізген кеңесте не талқыланды?

Dalanews 10 нау. 2020 04:08 181

Кеше әлемде мұнай бағасы құлдырап, доллар бағасы өсіп жатқан тұста, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтанда Үкімет мүшелері және Ұлттық банк төрағасымен жиын өткізіп, әлемдегі экономикалық жағдайды және оның Қазақстан экономикасына әсеріне қатысты кеңес өтті.

9 наурыз таңертең Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде доллар 397 теңгеден сатыла бастаған. Кейін түс ауа Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы кейбір ақша айырбастау орындары доллар сатуды тоқтатты. Дүйсенбі – елде жұмыс күні емес (8 наурыздағы мереке жексенбіге келгендіктен дүйсенбі демалыс деп жарияланған), сондықтан Қазақстан қаржы фондында валюталық сауда жүріп жатқан жоқ.

Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, Премьер-министрдің тікелей басшылығымен Шұғыл әрекет ету штабы құрылды.


Дағдарысқа қарсы іс-қимылдар жоспары әзірленеді, ірі кәсіпорындарда халықты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету жөнінде арнайы жоспар дайындалады. Президент халықты мүмкіндігінше көбірек жұмыспен қамту мәселесін аса маңызды деп санайды.

Үкімет 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау жөнінде ұсыныс енгізеді. Мемлекет басшысы бюджет шығындарын қысқарту, өңірлерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету, еліміздің қаржы-валюталық нарығын тұрақтандыру, республикалық және жергілікті бюджеттерді оңтайландыру бойынша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Кейін Тоқаев Twitter парақшасында штабты Премьер-министр Асқар Мамин басқаратынын, мемлекет қосымша жұмыс орындары ашылатынын жазды.

Өткен аптаның соңында Венада ОПЕК, Сауд Арабиясы және Ресей мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайтуға келіссөз жүргізген. Бірақ Венадағы жиында тараптар келісе алмады. Кремль ОПЕК ұсынысын қолдамады. Осыдан соң Сауд Арабиясы "баға соғысын" бастап, Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді.

Дүйсенбіде Ресей рублі де 2016 жылғы рекордтық деңгейіне түсіп, бір доллар 72,72 рубль болды.

9 наурызда Brent маркалы мұнай барреліне 36 доллардан сатылып жатыр. 2014 жылғы сауда соғысы кезінде бұл бренд бағасы 30 долларға дейін құлдыраған. Мұнай бағасының түсуінен Ресейде бюджет дефициті болып, рубль арзандауы мүмкін.


Ресей экономикасының Қазақстан экономикасына ықпалы бар. Себебі Қазақстан Ресейдің экономикалық серіктесі әрі Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Бұдан бөлек, мұнай Қазақстан экономикасының негізгі табыс көзі саналады. Мұнай бағасы құлдыраса, теңге құнсызданып, долларға шаққандағы құны көтеріліп кетеді. Осының салдарынан елде азық-түлік бағасы да өсе бастайды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x